Енді есік ашпай көр!

Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы сот орындаушылармен бірігіп, борышкерлерден алашақ қайтарудың айрықша амалын тапты. Егер бұрындары қарыз өтеуден қасақана қашатындардың тұрмыстық техникаларын тәркілесе, енді ең елеулі, аса қажетті нәрсесінен айырады: есігін "көсігінен" суырып әкетеді.есик
"Пәтердің сыртқы есігін "шешіп" алу – мәжбүрліліктен қабылданған шешім" дейді жылу-энергетикалық компанияның өкілдері. Өйткені кейбір бойкүйез борышкерлердің үйінде тәркілерге түгі де қалмаған. Үнемі "үрерге итім, сығарға битім жоқ" деп мамандарды шығарып салатын солардың бірінің есігі топсасынан ағытып алынды. Қарызы 120 мың теңгеге жеткен екен. 
"Үй иесі тіпті бұл мекенжайда тұрмайтын болып шықты. Жітіқарада дейді. Іздеу жарияланды. Қазір бұл пәтерді бөгделер жалдап тұруда. Олардан ештеңе талап ете алмасымыз анық", – дейді жеке сот орындаушының көмекшісі Ерлан Көшербаев.
Ал жылу компаниясының өкілдері мұндай рейдтер облыс орталығында апта сайын жүргізілетінін айтып отыр. Демек, бұл – апта санап қаншама борышкер жиһаз, тұрмыстық техника, тіпті көліктерінен айрылады деген сөз. Бір сөзбен, сатуға келетін дүниенің бәрі тартып алынады. Жалпы, қазіргі таңда ЖЭК-ның тұрғындардан алашағы 110 млн теңгеге жетіп отыр. Берешекке белшеден батқандар арасында сонау 2000 жылдардан бері жылу үшін есептесіп көрмеген тұлғалар да бар көрінеді.
Айтпақшы, әлгі борышкер қалай болғанмен есігін қайтарып ала алды. Қарызын өтеу үшін қарызданып келіпті. Қарай көріңіз! Тұрмыстық техниканы тәркілеуден гөрі мынау тәсілдің тәуір екеніне заңгерлердің де көзі жеткендей.
 
"Алау" материалы бойынша
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓