13 жасар батыр

Басқа адамды құтқарамын деп өз өмірін тәуекелге тігу үшін үлкен жүрек керек. Ал мұндай ерлікке бала барса ше? Қарабалық ауданына қарасты Терентьев ауылының 13 жасар тұрғыны Иван Рябец суға батып бара жатқан өзі қатарлас екі қызды аман алып қалды.  иван
Ержүректің етене жастас достары – Мария Седенова мен Мадина Рамазанова суға шомыламын деп ажал құша жаздады. Оқиға Тоғұзақ өзенінде болған.
-Бәрі әп-сәтте өтті. Қаннен-қаперсіз шомылып жүрген едік. Қызды-қыздымен терең тұсқа кетіп қалыппыз. Мен жүзіп келе жатып, байқамай Мадинаға соқтығысып қалдым. Ол да мені іле кетті, салдарынан бата бастадық. Екеуміз де жан-дәрмен талпынғанымызбен, тұңғиық тарта берді. Мадина онша жүзе білмейтін…-деп трагедиялық сәтті жымия еске алады Мария.
…Осы кезде Иван жағада болған. Өзен ішінде жүрген адамдардың саны көп болса да, ол қыздардың суға батып бара жатқанын бірінші болып байқайды. Ересектердің әлде байқамағаны, әлде мән бермегені белгісіз. Жеткіншек ойланбастан, суға күмп береді.
-Әуелі Машаны құтқаруға қол создым. Шашынан ұстағым келген. Бірақ ыңғайыма келмеді. Барынша сүңгіп, астынан көтердім. Ол сол сәтте ғана жүзи бастады – жалма-жан жағаға бет алды. Ілесіп отырдым. Небары жарты минут. Сосын Мадинаға көмектесу үшін қайтадан артқа оралдым. Қасына жүзіп жеткенімде, ол ендігі су бетінен көрінбей кеткен еді. Тағы да тереңге сүңгідім. Мадина тұңғиыққа кетіп қалған. Дереу қапсыра ұстап, жоғары ұмтылдым. Әзер дегенде судан алып шықтым,-дейді батыр бала Иван. Өзі мұны анау айтардай ерлік деп санамайды.
-Өзіме де қатты қорқынышты болды, өмірім үшін қорықтым. Бірақ сол күні, сол сәтте бір ерекше күш пайда болғандай менде. Бәлкім, қыздарды құтқаруды ойланбастан міндетіме алғандықтан болар,-дейді Ваня.
Жас құтқарушы 13 жаста. Ол №2 Қарабалық орта мектебінде оқиды. Терентьевке осында мал бағатын әкесін көруге келген. Өзі 5 жасынан бері малтуға машыққан. Әңгіме барысында қоян асыраумен айналысатынын, оқу кездерінде гитара сыныбына баратынын тарқатып берді. 
Болған оқиғадан соң қыздар Иванға алғыстар. "Егер дер уағында ол болмағанда арты немен аяқталарын ойлаудың өзі қорқынышты" дейді өлім аузынан қалғандар. Олар Ваняны өздерінің құтқарушысы, батыры санайтынын айтады. Мария мен Мадинаның ата-аналары да жүректі жеткіншекке рахметтерін жаудырып отыр және бүгінесін балаларын ересектерсіз өзенге жібермеуді шешкен.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓