200 келі Жадыраға жүк емес
Айта берсе, қазақ қызының жақсы қырлары жетерлік. Қазір қыз балаға қырық үйден тыйым болса да, ебін тауып заманмен ілесіп келе жатқан жайы бар. Қай жерде болсын жемісті еңбек етіп жүр. Спорттың сан саласында топ жарып жүрген жандар аз емес. Жеке кәсіпте де білікті. Батыр ана да бар бізде. Сұлулығымен әлемді тәнті еткен аруларды білеміз. Отбасына жылу сыйлап, отау ұйытқысы бола жүре, мансабын да қалыпқа түсіре алатын – осы әйелдер қауымы.
Бесаспаптығымен көзге түсіп жүрген арулар тек ептілікпен емес, білектегі күшіне де сенім арта алады екен. Бұл сөзіме қостанайлық Жадыра Қабиева есімді бойжеткен қыз дәлел. Өрімдей ғана қандасымыз зіл темірлерді еш қиындықсыз-ақ көтереді. Ол спорттың бұл түрімен 15 жасынан бастап шұғылданады. Сырт келбетіне қарасаң, спортшы емес, биші қыздарға көбірек ұқсайды. Бойы орташа, бітімі тал шыбықтай, ажарлы да инабатты, сыпайы келген қазақтың қаракөзі. Алайда, жаттығу залына ене сала, 200 келіге жуық темір-терсекті бойынан асыра көтергенде таң қалмасқа болмайды. Таңданысымызды жиып ап, неліктен спорттың осы түріне барғанын өзінен сұрап көрдік.-Спортқа осыдан 9 жыл бұрын келдім. Бұл спорттың түрі пауэрлифтинг деп аталады. Мектепте оқып жүрген кезімде жазғы демалыстарда бос жүрмес үшін жаттығу залына баратын болдым. Жаттығудан гөрі, жаңа достар тауып, ойнап-күлу қызықтырақ болатын. Ал, сабақ басталған уақытта мені бапкерлер байқай бастады. Кейін облыстық жарысқа бару туралы ұсыныс жасады. Күз бойы сол бәсекеге дайындалдым, қыста алғаш рет жарысқа қатыстым. Бұдан кейін тұрақты түрде қатысып жүрдім. 2011 жылы Алматыда өткен жастар арасындағы турнирде тұңғыш жүлдеме қол жеткіздім. 19 бен 23 жас аралығындағы Қазақстан чемпионы атандым. Осы бәсекеде үшінші мүмкіндікте-ақ "Спорт шебері" атағын алдым. Бұл мен үшін естен кетпес шақ болып қала береді. Ал менің ең мәртебелі жеңісім – әлем біріншілігінде топ жарғаным. 2013 жылы жастар арасында Литвада өткен чемпионатта Жапония мен Ресей спортшысынан басым түстім.-Бұл спорттың қандай ерекшеліктері бар?
-Психологиялық тұрғыда мықтырақ болуың керек. Күн сайын жаңа шыңдарды, яғни, жоғары салмақты бағындыруың қажет. Ал, егер сол ауыр салмақты көтере алсаң, ол сезімді, қуанышты айтып жеткізу мүмкін емес. Жылдар бойы бір медаль үшін сонша тер төгу басқалар үшін қисынсыз көрінер. Көбісі оны сатып алуға да болады деп айтар, бірақ оны лайықты түрде алсаң керемет нәрсе. Сондықтан, спортқа бар ғұмырды арнасаң да еңбегіңнің зая кетпегені.
Бүгіндері Жадыра Серікқызы пауэрлифтингтен жастар арасында Қазақстанның, Азияның және әлемнің чемпионы. Әулиекөл ауданындағы Құшмұрын ауылынан шыққан жас спортшының алар асуы алда екені сөзсіз. Себебі, оны қазан айында Өзбекстанда өтетін ересекетер арасындағы Азия біріншілігі күтіп тұр. Жоғары деңгейге ауысқан жерлесіміз енді 24 пен 40 жас арасындағы мықтылармен күш сынасатын болады. Осы салмақта ол ең жас спортшы аталып отыр.-Жаттығу залында қаншалықты жиі боласың?
-Түске дейін оңалту орталығында жұмыс істеймін. Келушілерге қимыл-қозғалыстарын түрлі жаттығулар арқылы қалыпқа келтіуге көмектесеміз. Бұдан кейін дербес фитнес жаттығуларын жүргіземін. Ал, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері кешке өзім жаттығамын. Негізі аптаның барлық күндерін жаттығу залында өткіземін.
Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсріген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.