Қазақ театрында – жаңа басшы

Күні кеше облыстағы қара шаңырақ – Қазақ драма театрының басына қара бұлт үйріліп, директоры орнынан кеткен еді. Енді өнер ордасына жаңа басшы келді. Аманкелді Досжановтың есімі тек мемлекеттік қызметкер ретінде ғана емес, өнер адамы ретінде де жақсы таныс. Жаңа орынға келген театр директорын сөзге тартқан едік.

IMG_7607

–Аманкелді Чапайұлы, қасиетті қара шаңырақ қазақ театрына басшы болып келгеніңізге бір апта. Өнер саласы сізге таңсық емес, жаныңызға жақын екенін де білеміз. Жаңа орындағы көңіліңіз қалай?
–Өзім де өнерге жақын адаммын. Алғаш рет үрмелі аспаптар саласы бойынша Арқалық музыка училищесін бітіргенмін. 85-86 жылдары осы Торғай облыстық театрында симфониялық оркестрде жұмыс істегенмін. Сондықтан театр мен үшін таныс әрі қымбат жер. Сол кездегі мықты деген әртістермен бірге еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Театрдың бұрынғы басшысы Нұрлан әріптесіміз театрдың жағдайын жасады. Ондай еңбекті айту керек.
IMG_7651–Осынша жылдан соң театрға қайта ораламын деп ойладыңыз ба?
–Шынымда айтсам, осы жолға қайта келемін деп ойламадым. Бойдағы өнерге бір сезім жібермеген болуы керек (күліп). Жаңа салынған ғимаратта барлық жағдай жасалған. Ұжым жаман емес. Өзіме таныс орта. Осы жерге келгеніме қуаныштымын. Қарағанды, Астана қаласынан жаңадан 6 жас актер келді. Театр ішінде студия бар. Жастар тәлім-тәрбие алып, өзімізге келіп жұмыс істеп жатыр. Бар жағдай жасалған, талапқа сай салынған. Бұл театр қызметкері үшін жақсы емес пе. Жаттығу, би залдары, гримерлық бөлмелер дегендей. Тек жұмыс істе. Актерлеріміз одан әрі шыңдала түссе тіптен жақсы емес пе. Ендігі талап жұмыс, тек қана жұмыс. Бұрынғы деңгейін одан әрі көтеру. Әзірге қағаз жүзінде танысып жатырмыз. Қоятын басты талабым – тәртіп. Тәртіп бар жерде бәрі болады.
–Көрермен жаңа маусымда қандай өзгеріс көреді?
–Театрдың бас режиссері Ерсайын Төлеубай тәжірибесі мол, өнерде өзіндік таңбасы бар азамат. Бүгінгі күнде режиссердің көмекшісіне лайықты адам іздеп жатырмыз. Театр актерлерінің қатары сақадай сай, жасақталған. Барлық буын өкілдерінен құралған актерлердің біліктілігі өте жоғары. Театрдың ішіндегі көркемдік кеңес мүшелерін қайта шақыртып, бас қосуды жоспарлап отырммын. Халықтың көңілінен шығатын қойылымдардың қатарын көбейтуді ойластырып жатырмыз. Жастардың талабына сай келетін, тәрбие беретін, түйсікке жеңіл, жаңа лептегі қойылымдар болса деймін. Тек спектакльдермен ғана шектеліп қалмай, жаңа дүние ойлап тапсақ. Қазан айының ортасына таман жаңа маусымның ашылуы болады. Енді алға қойған жоспар көп, оның жүзеге асуына барлық ұжым біріге кірісеміз.
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓