ТҰҚЫЛ
Асқатай ғаламторды шарлап отырып, кенет селк ете қалды: «Бұл не сұмдық! Мынау шынымен-ақ Қарагөз бе, Қарагөз-айым ба, құдай-ау! Лыпасынан өзге дымы жоқ. Жап-жалаңаш, іші шермиген. Суреттің астынадғы жазу: «Ханзада Қарагөз-айым, үпті болды. Қу аяқ қара шалдан жүкті болды». Құдай тас төбеңнен ұрғыр, кімді айтып отыр? Тфу! Қой, бұл басқа біреу, аттас . Менің Қарагөзім-айым қарындасым, небәрі он тоғызда.. Еш қисыны жоқ!» Асқатайдың саусақтары ноутбугтің пернетақтасына жабысып, қатып қалғандай екен. Дереу жұлқына, қалтасындағы айфонға бас салды. Қарагөзге қоңырау барды. Барғанмен жауап қатпай жатыр! Бол енді!
-Ало, Қарагөз, сенбісің?
-Иә, көке.. – Әбден тоңып қалтыраған,бұйығы дауыс.
– Ютубтегі не бәле? Сен аттас біреу,сенен айнымайды.Масқара!
-Көке.. кешірші..Ол ..мен.. Мына қастастар әдейі салып жіберіпті..
– Сен не деп сандырақтап тұрсың, есің дұрыс па? Он екіде бір гүлің ашылмай жатып..не қара басты?
-Кешір,кешірші, көке..
– Бұл шын болса, мұныңды екі дүниеде де кешпеймін! Енді көзіме көрінбейтін бол! Менде қарындас, бауыр жоқ, енді жалғызбын! – Айфонды сөндірді де, лақтыра салды.
Содан бері екі жылдан асты, бір қалада тұрғанмен Асекең қарындасын маңайлатпады, ал қарындасы жалғыз ағасының аяғына жығылып, жаздым – жаңылдым деп қанша мәрте табан тоздырып іздеп барғанымен көкесінің діні қатты: жібімеді, есіктен де қаратпады. Енді Асқатай үшін Қарагөз – «шіріген жұмыртқа»..
Задында Асқатай пысық, өз кәсібіне мығым. Отыздан жаңа асты, жеке баспанасы бар, кезінде қарындасына да пәтер әперген. Ревизор жігіт қызметте майлы жілік ұстағанмен де, бір осалдығы – қолпаш-қошаметке бейілді.
Бірде Асқатай әдеттегі іссапардан келе, қызуы көтеріліп, бас көтере алмай жатып қалды. Қайта-қайта жасыл құсық. Оң жақ қабырғасының асты ауырлап, шаншып ауырғанда, жаны көзіне көрінді. Ыстығын өлшесе – 39 градус, шошып кетті. Дәрігер досы Тұрарға телефон шалуға шамасы келді. Одан арғысы бұлдыр-бұлдыр.. ұшақ гуілі, ақ халаттылар.
…Бір күні Асқатай оянғанда, Қасында Тұрар отыр екен.
– Ой, сабазым-ай. Жаның қалды. Әй, өзің айтпақшы, кежегесі кейін тартқан тырысқақ Байыстан тараған тұқымның тұқылысың ғой. Менің талай рет қарал деген сөзімді құлағыңа қыстырмап едің. Егер қырсығың ұстап, хабарласпай бірер күн өткізіп алғаныңда, Тектұрмастағы төбешіктің біріне құран оқытып отырар ма едім,шыны сол.-деді Тұрар қуақылана.
– Соншалықты не болды?
– Сөзін қара, әй, қу тұқыл қырсығым-ай, құдай біледі, өзің бір айдан бері қайда жатқаныңдыда сұрамағансың. Бұл Астанадағы транспланталогия орталығының жансақтау бөлімі. Бауыр циррозы. Әбден асқынтып, шірітіп жібергенсің. Дереу бауырды ауыстыру керек болды. Мұндайда донор табу қиын. Айналайын Қалқажанның арқасы. Әуелі тексергенде, Қалқажанның бауырдың майлы гепатозымен ауыратындығын білдік. Бауыры «жарамсыз» деп табылған-тын. Алайда, ол екі аптаның ішінде жанталаса 5 келі салмақ тастап, денсаулығын қалпына келтірді. Сөйтіп саған бауыр етінің 70 пайызын кесіп берді.
– Қалқажаның кім?
Тұрар үн-түнсіз ғана төс қалтасынан бір жапырақ қағазды алып, Асқатайға ұстатты. Маржандай, көркем жазу көзіне оттай басылды: «Көке, сауығып кетуіңізді құдайдан күндіз-түні тіледім. Дер кезінде хабар берген Тұрар ағаға рақмет. Асқар әулетінің соңғы тұяғы – Сізден айырылсақ, онда бір тұқымның өшкені. Мен болса да.. шіріген жұмыртқа. Сіз аман болыңыз ағатайым! Тұрар ағаға мен емес, басқа біреуді айта салыңыз деп өтіндім. Білем ғой, мені көрсеңіз тағы да «жыныңыз» ұстап қала ма деп, үйіме кеттім. Менің жағдайым жақсы, бәрі де қалпына келеді. Көке, кешіре алсаңыз, кешіріңіз.. Қарындасың –Қарагөз.»
Асқатай тұңғыш рет көзі жасаурағанын сезді. Бірақ онысын Тұрарға сездіргісі келмей, кежегесі кейін тартып, тастүйін бола қалса деп еді, ерік бермеді. Көзінен бір моншақ домалап барып, бүйрек бетке тұрып қалды.. жерге тамбады.
Енді байқады, бөлмеде жалғыз қалыпты..