Батпаққараның қыраны Бүркіт Бекетовтің Аманкелді ауданында шығармашылық кеші өтті
Жаудырып ел ісіңе жыр алғысын,
Тасқындат, селдете бер жыр ағысын.
Бүркіт деп қойғанымен атыңды алғаш,
Бұл күнде Батпаққара қыранысың!
Айтыстың қазанында қайнағансың,
Жігерін талайлардың қайрағансың.
Додада талай озып, бас бәйгені
Қайрылып қанжығаңа байлағансың.
Өре бер жырдың күміс-алтын жібін,
Ел тойлап алпысыңды жатыр бүгін.
Алматы, Астанада, Қостанайда
Танылған талантты, інім ақындығың!
Қарсы алдың жырыңменен атқан таңды,
Аялар ағайынды бақ боп мәңгі.
Шырқайды аспандатып бұл күндері
Бүкіл ел "Ақ жеңгеңді", "Ақ ботаңды", – деп ақын Серікбай Оспанұлы жырға қос-қандай, Бүркіт Бекетов бұл күнде елімізге танымал айтыс ақындарының бірі. Сонау 1985 жылы республикалық ақындар айтысында Қостанай облысы мен Көкшетау облысы ақындарымен сайысқа түскенде осы Бүркіт ағамыз қыз бен жігіт айтысында басым түсіп, жеңіс тізгінін қостанайлықтарға ұстатқаны әлі де есімізде.
Жақында Аманкелді ауданының орталығында ақынның 60 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Кешті құлын-тайдай тебісіп бірге өскен досы, ақын, журналист Хамитбек Мұсабаев жүргізді. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов қатысып, алғыс хат тапсырды, иығына шапан жапты. Аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов ақынның өмірі мен ұстаздық жолына, шығармашылығына қысқаша тоқталып, еңбегін айрықша бағалап, тұлпар сыйлады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Сақан Төленов пен мәдениет бөлімінің басшысы Раушан Аманкелдіқызы да ақынға игі тілектерін білдіріп, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Лариса Сероустың алғыс хатын арнайы тапсырды. Қостанайдан ақын тойына арнайы барған Серікбай Оспанұлы мен Абылай Мауданов және арқалықтық ақиық айтыс ақыны Айбек Қалиев жырдан шашу шашса, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Қалибек Деріпсалдин Бүркіт ақынның өлеңдеріне жазылған әндерін орындады. Жергілікті кәсіпкер, меценат Шөптібай Шәкіманов өнер иесіне ат мінгізді.
Бүркіт Бекетов – өнерлі отбасы. Жұбайы – Майра мен қызы – Динара ән шырқаса, ұлдары – Дидар, Ғали, Сағи, Мәди күй тартып, мерейтойдың екінші бөлімін ән-күймен қыздырды. Одан әрі концертті ақындар айтысы жалғастырды. Серік Жұмабеков пен Бағила Балмашева, Абылай Мауданов пен Мамай Ізтелеуов, Тоба Өтепбаев пен Байбатыр Ахметбеков сөз сайыстырып, мерейтой иесін өлеңге қосты. Айтыстың арасында Астанадан келген республикаға танымал жыршы-термешілер – Сұлтанбек Молдахметов пен аманкелділік Айтан Сейдахметов өз өнерімен көрермендерді ризашылыққа бөледі. Астана, Алматы, Қызылорда, Көкшетау, Атырау, Қостанай және тағы басқа қалалардан құттықтау хаттар лек-легімен келіп жатты. Астанада тұратын Батпаққараның бетке ұстар айтулы азаматтарының бірі, меценат Жұмағали Құрмансейітұлы ақын досына қаржылай демеушілік жасаса, Қазақстанның Халық ақыны Қонысбай Әбіл жыр жолдарын тарту етті. Төменде Қонысбай ақынның арнау өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Нұрболат
Мешітбаев