ЖҮЛДЕСІ – ҚОЛА, ӨЗІ – АЛТЫН Олимпиада жүлдегері Иван Дычко елге оралды (БЕЙНЕБАЯН)
Төрткүл дүние көз тіккен XXXI жазғы Олимпиада да өз мәресіне жетті. Рио-де-Жанейрода өткен спорт бәсекесі Қазақстан үшін жемісті аяқталды. Қоржынға 17 медаль салып, саңлақтар аман-есен елге жетті. Бразилияда бокстан қола медальді еншілеген Иван Дычко да құт мекен Қостанайына қайта оралды.
Осымен қатарынан екінші рет жүлделі болған спортшыны жерлестері қуана-қуана қарсы алды. Әуежайда жүзге жуық жанкүйері жиналды. Еліміздің көк туын желбіретіп, құшақтары шоқ гүлге толған жандар Иванды құттықтауға асығып жатты. Алдымен, облыс басшысы Архимед Мұхамбетов боксшыға алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Содан соң спортшы мен бапкерлері тілшілермен аз-кем сұхбаттасқан еді. Ақтық бәсекедегі қателіктері мен алдағы жоспарлары жөнінде әңгіме өрбітті. Қарсыласының күші одан басым болғанын айтып, өзінін мезгілсіз алған жарақатына өкінішін білдірді. Екі дүркін олимпиада жүлдегерінің келесі олимп ойындарына қатысуы әлі белгісіз. Жуық арада отбасымен бірге болып, қайта әл жинағысы келеді.
Артынша боксшы Fitnation спорт кешеніне барып, жас жеткіншектермен кездесті. Бәрімен естелік суретке түсіп, қолтаңба да үлестірді. Кездесуге келген спорт ардагерлері де Иванға жанкүйер болғанын айтып, жүлде үшін қуанышты екендерін жеткізді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ