Өз майымыз өзімізде сатылса игі
Федоров ауданындағы қарқын алып келе жатқан ірі кәсіпорынның бірі – Копыченка ауылында ашылған сұйық май шығаратын «Промбаза» ЖШС. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен былтыр желтоқсан айында іске қосылған өндіріс орнының жобалық құны – 1,8 млрд теңге. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Жаркөл еліне барған жұмыс сапарында кәсіпорынның жай-күйімен танысып, күрмеулі мәселесін тыңдап қайтты.
Германия, Италия, Жапония, Литва, Ресей мемлекеттерінің технологиялары орнатылған. Жылдық өнім өндіру қуаты 7 мың тонна. Зығыр, рапс, күнбағыс сұйық майымен қоса, дәннің сықпасы, түйіршіктелген күнжара өндіріледі. Тазартылмаған «Гармония» сұйық майының литрі 330, ал «Лавра» майы 340 теңгеден. Негізгі сауда әріптестері – Қазақстан мен Ауғанстан, Қытай мемлекеттері. Ішкі нарықты есептемегенде, тек былтырғы жылы 245, ал биыл 772 тонна өнім экспортталған. 30 адам жұмыс істейді. Қондырғылар Италияда жасалған, толық автоматтандырылған. Бағасы да арзан емес – 1,4 млрд теңге тұрады.
– Бірақ мұндай жұмыстарға қол күші де керек. Аппаратты реттеп, басқарып отыратын мамандар Алматыдан келді. Газ өткізілді. Енді ауыз судың келуін күтіп отырмыз. Тағы бір мәселеміз бар – электр жарығы жетіспейді. Жиі өшіріліп қалады. Бізге жарық беруші екінші желі керек. Ол мәселені аудан басшылығы біледі, – деді «Промбаза» ЖШС құрылтайшысы Мұқамбетжан Ақұлов.
Архимед Мұхамбетов кәсіпорын басшылығына шығарылған өнімдерді ішкі нарықты, соның ішінде аймағымыздың ірі сауда орындарында саудалауға кеңес берді. Себебі, біздің дүкен сөрелеріндегі сұйық майдың басым бөлігі Ресей тауарлары.
Қыдырбек Қиысхан,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев