Шетелмен тәжірибе алмасу: тиімділігі қандай?
Өткен аптаның аяғында екі күн бойы облыстық филармонияның күмбезді залында «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы шетелдердің құқықтық механизмі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жаңа агенттік құрылғалы өткізіліп тұрған алғашқы ауқымды шара.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу, қызметтік жоғарылауда меритократия ұстанымын ұстану, сонымен бірге мемлекеттік қызмет сапасын арттыру агенттіктің негізгі басымдықтары болып табылады. Осының барлығын қамтамасыз ету үшін халықаралық тәжірибелерді талқылау, оның жақсысынан үйрену қажеттігі де уақыт талабы екені белгілі. Халықаралық конференция аясында шетелдік тәжірибелі әріптестермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мен озық әдістемені зерделеу мақсатында көрсетілген аспектілер талқыланды.
Ауқымды шараға АҚШ елшілігінің, Қазақстандағы Еуропалық одақ жобасының сарапшылары және Transparensy Kazakhstan сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Сонымен қатар агенттіктің, оның аумақтық департаменттерінің, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының және мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басшылық құрамының өкілдері де болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 26 желтоқсанда қабылдаған Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Халықаралық әріптестікті дамыту және шетелдік тәжірибені қолданысқа енгізу стратегиясының негізгі бағыттары айқындалған. Сарапшылар мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру үшін халықаралық тәжірибені кеңінен қолдану керектігін айтады. Қазақстанды мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында ТМД елдерінің ішінде көш бастап тұр деді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов Мемлекеттік қызмет арасында, басқа қоғамның арасында сыбайлас жемқорлықты жою жолы – оның алдын алу дейді:
– Тек қана мемлекет саласындағы құқықтық шараларды қолдану емес, алдын алу, мемлекеттік қызметкерлердің ар-намыс нормаларын сақтау. Жалпы жауапкершілікті жетілдіру, біліктілікті арттыру үлкен мәселе. Сол себепті бүгінгі отырыста бір-біріміздің тәжірибемізді бөлісуге мүмкіншілік туып отыр.
Саян Ахметжанов сондай-ақ, қоғам дертімен күресу үшін Германия мен басқа да дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенген дұрыс екенін айтты. Ал Германиядан келген IRZ сарапшысы Юрген Маурер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте Қазақстанның билік органдары дұрыс бағытты ұстанғанын жеткізді. Ол сонымен бірге, қоғамдық кеселге қарсы күресте тек жазалау әдісін қолдану жеткіліксіз деді. Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға күш салып жатқанын қолдайтынын, біздің елдің заң нормалары да Германияда қабылданған талаптарға келетінін айтты. «Жемқорлық. Германиядағы жағдай» баяндамасында Юрген Маурер Германиядағы сыбайлас жемқорлық көрсеткіштерін құрылымына қарай талдады.
Конференцияның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысы Нұралы Садуақасов аталған шараның еліміздегі қоғамдық дертпен күресу мен оны жоюға үлкен септігін тигізетінін, халықаралық тәжірибелермен бөлісетінімізді жеткізді. – Күрес тек құзырлы органдар ғана айналысатын шаруа емес, сонымен қатар, ел болып тойтарыс беретін күшке айналу керек, деді.
Екі күнге созылған халықаралық конференцияда негізінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі еуропалық тәжірибеге көбірек назар аударылды. Сонымен қатар республикалық, жергілікті мамандар да сөз алып, өз ойларымен бөлісті.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ
СУРЕТТЕ: Халықаралық конференцияға қатысушылар.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.