Өнертапқыштар алаңы

Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап өткендей, «көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. 2050 жылға қарай елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысы келуге тиіс. Елдің дамудың «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған ЭКСПО-2017 қуатты серпіліс беруі тиіс.
Қазіргі таңда «ЭКСПО–2017» көрмесіне дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бұл көрмеге қатысу үшін көптеген ғалымдар мен өнертапқыштар өз жобаларын ұсынып, жасыл экономиканы дамытуға үлес қосуға ұмтылыс танытып жатыр. Солардың қатарында Рудный индустриялық институты да бар. Оқу орнындағы «Электр энергетикасы және жылу энергетикасы» кафедрасы «Электр энергетикасы», «Жылу энергетикасы» және «Кәсіптік оқыту» мамандықтары бойынша кадрларды даярлап қана қоймай, энергияның баламалы көздеріне үлкен мән беріп келеді.IMG_9462
– Жасыратыны жоқ, бүгінде еліміздегі көптеген электр желілері, қондырғылары мен жабдықтары ескірген. Оларды жаңғыртып, шетелдің жаңа қондырғылары мен технологияларын орнату үлкен біліктілікті қажет етеді. Біздің кафедрада еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін жоғарылатып, баламалы энергия көздерін оңтайлы пайдаланудың жолдарын іздестіріп жүрген студенттер жоқ емес. Алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесі осы саладағы талапты жастарға қанат бітіп, қабілеттерін аша түсетініне сенімдімін, – дейді кафедра меңгерушісі Зәуреш Хабдуллина. – Ол үшін біз студенттердің оқу бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгіздік. Былтырдан бастап «Жасыл энергия», «Жасыл экономика», «Баламалы энергия» бағытын таңдаған шәкірттер үшін «Баламалы энергия көздері» пәні оқытыла бастады. Сабақ барысында өткізілетін тақырыптарды кеңінен талқылап, қосымша заман талабына сай нұсқаулықтар мен тестілік тапсырмалар, сондай-ақ әдістемелік электронды кітаптар құрастырып, басып шығардық.
Айта кетерлігі, оқу орының қабырғасында орнатылған станса желдің күшімен жұмыс істеп, одан электр қуаты өндіріледі. Бұл қуат әзірге суды жылытуға ғана пайдаланылып келеді. Сонымен қатар 17 әр түрлі компонент арқылы ауа райын қадағалайтын метеостанцияның көмегімен студенттер желдің бағыты мен алда қандай ауа райы болатындығын болжай алады. Кафедраның атқарған жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. ҚР Білім және ғылым министірлігі бастаған «Темпус» бағдарламасы бойынша «Экологиялық инжиниринг» тағырыбында халықаралық жоба орындалды.
– «Электр энергетикасы» мамандығының оқу жоспарына «электрлік аудит» пәні енгізілді. Қазіргі таңда тепловизор, электрлік энергияның сапасын анықтайтын талдаушыларды сатып алу үшін тапсырыстар берілді. Қаржыны Білім және ғылым министрлігі грант ретінде бізге аударып отыр. Бұдан бөлек, «Темпус» бағдарламасы арқылы қуаттылығы 1 кВт-ты құрайтын жел генераторына, 3кВт-тық күн панелге, метеостанция мен 100-200 литрлік фотогальваникалық элементтерге қол жеткіздік, – дейді Зәуреш Ғинаятқызы.IMG_9486
Бұл құрылғылардың қалай жұмыс істейтіндігі, не үшін қажет екендігі бірінші курстан бастап студенттерге түсіндіріледі. «Жылу энергетикасы» мамандығының 2-курс студенті Асхат Мұсатаев Қызылорда қаласынан «Серпін» бағдарламасы бойынша келген. Өзінің таңдап алған мамандығын мақтан тұтады.
– Осы кәсіпті игерген ағаларым түрлі жетістіктерге жетіп, тың жаңалықтар ашты. Сондықтан мен де оларға еліктеп, техникалық мамандықты меңгеруге бел будым. Өзім оңтүстіктен келгендіктен солтүстік өңірдің тыныс-тіршілігімен жақын танысудамын. Қазіргі таңда білім ошағы Латвиямен келіссөздер жүргізіп жатыр. Екінші курстағы өндірістік тәжірибені шетелде өтсем деген ойым бар. Өйткені, Балтық елдеріндегі жасыл энергетиканың дамуы мені қызықтырады. Сол жақтан мол тәжірибе алып келу үшін, ағылшын тілін үйреніп жатырмын, – дейді талабы таудай студент.IMG_9476
Осы уақытқа дейін институт студенттері IASTE бағдарламасы бойынша өндірістік практикасын Чех Республикасы, Испания, Греция, Финляндия, Польша, Венгрия, Индия, Турция, Латвия, Эстония, Ресейде өткізіп, баламалы энергия көздері туралы білімдерін шыңдады. Қазіргі таңда үш тілде білім беруге көшкен институттың жастары көрмеге қызу дайындық үстінде.IMG_9484
Қазіргі уақытта елімізде жасыл энергетиканың, яғни айтқанда күн, жел сияқты энергия көздерін пайдалану мөлшері 1,33 пайызды құрайды екен. Болашақта, дәлірек айтқанда, алдағы екі-үш жыл көлемінде мұндай энергияны пайдалану мөлшерін 35 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Бұл іске Рудный индустриялық институты да сүбелі үлес қосатын түрі бар.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓