Тестілеуді қайта тапсырды
Үстіміздегі жылғы 19-21 тамыз аралығында еліміздің барлық аймақтарында кешенді тестілеуді қайта тапсыру болып өтті. Кешенді тестілеуге Ұлттық бірыңғай тест пен кешенді тестілеуде шектік балл деңгейіне жетпегендер, ҰБТ-ге және кешенді тестілеуге қатыспағандар, сол секілді Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеу барысында көрсетілген нәтижелері жойылған талапкерлер қатысты.
Қайта тестілеуге барлығы 41801 талапкер қатысып, білімдерін сынады. Тестілеудің қорытындысы бойынша 23778 талапкер шектік балл жинаған жоқ. 104 талапкер тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін тестілеуден шеттетіліп, олардың тестілеуде көрсеткен нәтижелері жойылды. Бір айта кететіні сол, қайта тестілеуден тиісті шектік балл алған талапкерлер ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады. Ал, шектік балл алмаған талапкерлер де жоғары оқу орындарында білім алуына болады, бірақ, қарапайым тілмен айтқанда, бірінші курстың бірінші семестрінен соң қайта тестілеу тапсырады. Алайда ол тестілеуде тиісті шектік баллдан өте алмаса, онда оқудан шығарылады.
Гүлназым САҒИТОВА