Тоба – топ жарды
Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын ағайындарға жағымды жаңалық. Жақында Көкшетау қаласында Қазақстанның халық ақыны К. Шәкеевтің 90 жылдығына арналған аймақтық айтысқа қатысқан жерлесіміз Тоба Өтепбаев қанжығасына І орынды байлап, мерейі тасып оралды.

– Бұрыннан осы Қонысбай Әбілов ағамыз ұстаз тұтып, бір жағы аға ретінде қазаққа үлгі болатындай сыйласты. Көкен атамыз өзінің белдігін Қонысбай ағамызға сыйға берген. Екі облыстың ақындары «Торғай – Көкшетау» болып бұрынғы облыстың кезінде айтысты. Көкшетаудың ақындарын Көкен бастаса, Торғайдың ақындарын Қонысбай бастап, Бүркіт ағамыз қостап, Жадыра апайлар, Игілік ағаларымыз командалық айтыс жасап, екі елдің байланысы үзілмеген. Сол дәстүрдің жалғастығы ғой біздің де барып, айтысып жатқанымыз, – дейді айтыскер ақынымыз ағынан ақтарылып.
Атақты Айбек Қалиевтың төл шәкірті осылай дәстүр сабақтастығын жаңғыртып жүр. Бабында жүрген жас жүйрікке біз де сәттілік тілейміз.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.