Жол апатына доңғалақ себеп болды
Үстіміздегі жылдың 12 – шілдесінен 13-не қараған түні Қостанай-Әулиекөл бағытындағы тас жолдың бойында жол апаты орын алды. Салдарынан «Тайота камри» автокөлігін тізгіндеп келе жатқан 29 жасар жүргізуші ауыр жарақат алып, Қостанай қалалық ауруханасына жеткізілді.
Оқиға орын алған жерде сараптама жүргізген тәртіп сақшылары жол апатына көліктің сол жақ алдыңғы доңғалағы істен шығуы себеп болғанын анықтады.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз өкілінің мәлімдеуінше, өткен аптада өңірімізде көлік доңғалақтарының істен шығуына байланысты 2 жол апаты тіркелген. Сондықтан, тұрғындардың жолға шығар алдында темір тұлпарларының техникалық жағдайына ерекше мән беруін ескертеді.
Мешіт Ғазиз