Кешен – көшелі, еңбек – еселі
Ел Президенті айтқандай, елдің дамуы жолында өндірістік инфрақұрылымның да маңызы аса зор. Әлеуетті кәсіп көздері қуатты құрылымдарымен ұштасып, бір-бірімен сабақтасқанда ғана жетістікке жол ашылары хақ. Осы бағытта Арқалық қаласында таяуда ашылған «Торғай Ет» ЖШС ет өңдеу кәсіпорны үшін мал шаруашылығы кешені, элеватор және жем зауытының құрылысы жүріп жатыр. Біз болашағынан мол үміт күттіріп отырған шаруашылықтардың тыныс- тіршілігіне назар аударған едік.
Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Құлетов мәлімдегендей, «Торғай Ет» ет өңдеу кешені 2018 жылдың 1 қарашасында пайдалануға берілді. Кешен құрылымы барысында мал сою цехы, қоймалар мен бақылау пункттері салынды. Қасапханаға электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, кәріз және жылу беру желілері іске қосылып, трансформатор-подстанция бой көтерді. Кәсіпорынға бөлінген қаражат көлемі 2 млрд теңгені құрайды, оның ішінде меншікті қаражат 1,5 млрд теңге және қарыз қаражаты («Тобол» ӘКК »ҰК» АҚ арқылы) 0,5 млрд теңге. Мақсатты іске Польшадан, Украинадан, Қытайдан өңдеу жабдықтары сатып алынды. Қазіргі уақытта 40 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның жобалық жылдық қуаты – 3 мың тонна ет және ет өнімдерін өндіруге бағытталған.
2020 жылы 912 бас ірі қара, 223 бас жылқы және 390 бас ұсақ мал сатып алынып, сойылды. Жыл басынан бері 394,745 тонна ет өнімдері өндіріліп, 185,6 тонна («Жас Қанат» ЖШС, «Көкшетау Асбройлері» ЖШС, «Астана құс фабрикасы» ЖШС) құс еті сатып алынды. Жалпы ет және ет өнімдері – 582008 тонна.
Өнімдерді өткізу нарықтары: Нұр-Сұлтан, Қостанай, Есіл, Арқалық қалалары мен Жарқайың, Аманкелді аудандары. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Арқалық қалаларында өтетін жәрмеңкелерге қатысады.
«Торғай Ет» ЖШС ет өңдеу кешенінің қуатын толық пайдалануды қамтамасыз ету үшін кәсіпорында қазіргі уақытта қуаттылығы 5 мың ірі қара және асыл тұқымды 2500 басқа арналған мал бордақылау алаңын қамтитын жоба іске асырылуда. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Мал шаруашылығы кешенін салудың сметалық құны – 3586 млн теңге.
Қазіргі уақытта игерілген қаражат көлемі – 1741 млн теңге. Әкімшілік-тұрмыстық кешені, санитарлық бақылау пункті, дезинфекциялық тосқауыл, қазандық, ветеринарлық пункт ғимараты және ауыл шаруашылығы техникаларына арналған ангар салынды.
Бүгінгі таңда сэндвич-панельдермен 2640 ш.м. алаңда 2 мал қорасы салынуда, жұмыс 85% орындалды. Әрқайсы 250 басқа жобаланған 6 бордақылау алаңының іргесі қаланды. Сондай-ақ, 3 бордақылау алаңы, аумағы 864 ш.м. құрайтын жем-шөп қоймаларының құрылысы жүргізілуде. Жұмыс 80% орындалды.
Кешен 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Нысанды пайдалануға беру 2021 жылдың қазан айына белгіленген. Бордақылау үшін өгізшелер сатып алу жоспарланып отыр. Тапсырыс «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша облыстың кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының үйлестіру кеңесінде мал шаруашылығы кешенінің инженерлік желілері: 2820 км сумен жабдықтау және ВЛ 10 кВт электр желілері – 2,970 км қаралды.
Тендер жеңімпазы болып «Алюминстрой» ЖШС танылды. Инфрақұрылымның жалпы сметалық құны – 143,058 млн теңгені құрады. Оның ішінде: құрылыс-монтаждау жұмыстары – 100,340 млн теңге, жабдықтар – 17,310 млн теңге және басқалары – 25,407 млн теңге. Жұмысты игеру кезінде 58 баған орнатылып, электр желілері тартылып, трансформатор орнатылды және осы уақытта барлық электр жеткізу жұмыстары аяқталды. Сумен жабдықтау жүйесін қосу жұмыстарында 2820 шақырымдық ор қазылып, диаметрі 160 мм және 200 мм полиэтилен құбырлары салынды. Бүгінгі таңда барлық жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ, биыл қуаттылығы 20 мың тонна элеватор және ауысымына 75 тонна өнім өндіретін диірмен салынуда. Жобаның жалпы құны 1 млрд 100 млн теңгені құрайды. Мұнда 60 жұмыс орны құрылды. Құрылысқа түрік компаниясымен келісім-шарт жасалды. Инвесторы – «Grain Mark» ЖШС (құрылтайшысы – Мұқанов Расул Абайұлы). Пайдалануға беру осы жылдың соңында жоспарланып отыр. Меншікті қаражаттың игерілген сомасы 650 млн теңге. Мұның сыртында қуаттылығы сағатына 20 тонна өңдейтін жем зауытының құрылысы жүріп жатыр. Нысан құны 250 млн теңгені құрайды және толығымен игерілген. Бүгінде құрылыс 85% аяқталды.
– Жалпы, кейінгі жылдары Арқалық өңірінде өндірістік инфрақұрылым жақсы жолға қойылып келеді. Осы жылы «Арқалық-Айдар» ЖШС мал бордақылау алаңы асфальттанып, жұмыс одан сайын жандана түспек. Қалаға қарасты іргелі шаруашылықтар «Арқалық тәжірибе стансасы» ЖШС, «Нұржайлау НС» ЖШС, «Возраждение» ЖШС, «Восточный» ЖШС бұлардың бәрінде де электр желісі, су жүйесі тартылған. Таяу жылдары Қарағанды облысынан келген инвесторларымыз «Ұрпақ агро» ЖШС-де осындай мүмкіндіктерге қол жеткізді. Енді жолды ретке келтіруді жоспарлап отыр. Серіктестіктің 2 мың бас ірі қара малы бар. Бұл азаматтардың да алдағы жоспары 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын ашу. Қысқасы, өңірдің мал шаруашылығынан да егін шаруашылығынан да жылма жыл инфрақұрылымы жақсарып келеді. Бұрын үкіметтен көмек сұрайтын болса қазір өз қаражаттарымен жүзеге асыруда. Жақсы жетістіктеріміз көп, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Құлетов.
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы.