Балалардың қуанышы
Қостанай облыстық іскер әйелдер қауымдастығының филиалы “Мектепке жол” акциясы аясында көпбалалы ана Анаргүл Бекжановаға көмек берді.
Анаргүл бес баланы жалғыз өсіріп отырған жан. Бес баланың төртеуі мектепке барады. Жалғыз адамға төрт баланы толығымен мектепке дайындау оңай емес.
–Жолдасымнан ажырасқанмын. Қазір баламен үйде отырмын. Төртеуі мектепке барады. Балаға тиесілі жәрдемақы мен азғантай алиментке пәтер жалдап тұрамыз. Жалғыз өзім балаларды мектепке даярлай алмас едім. Көмек көріп, барлық оқу құралдарын алып жатқанымызға қуанып қалдық. Мұның өзі көп көмек, – дейді көпбалалы ана.
Игілікті шара жыл сайын ұйымдастырылады. Қауымдастық құрамындағы нәзік жандылар бірігіп, жиналған қаражатқа балаларды мектепке дайындайды. Сол дәстүр биыл да қалыптасып, бұл шаңыраққа қажетті құралдар, киімдер, аяқ киімдер әкелген. Мол сыйлыққа балғындар да риза. Бірінің артынан бірі өкше басып өсіп келе жатқан балалар әрбір затты киіп көріп, мәз болысып жатыр.
–Былтырғы жылы 2 миллион 700 мың теңгеге жуық қаражақтқа жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға заттай көмек бердік. Биыл білім бөлімінен жағдайы төмен 15 отбасының тізімін алып, сол үйлерді аралап жүрміз. Барлық керегін түгендемесек те, мектепке қажеттінің бәрі бар. Бұл осы отбасылардың ішіндегі ең көпбалалы үй. Жалғызбасты анаға қиын екені белгілі. Қайырымдылық жасасақ өзгелердің өмірін жеңілдетеріміз сөзсіз, – дейді қоғамдық бірлестік директорының міндетін атқарушы А. Дуанбаева.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА