Асыл сөзді іздесең…
Қостанай құрылыс колледжінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына арналған бірқатар шаралар ұйымдастырды. Биыл аталмыш техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі «Абай оқулары» байқауын тұңғыш рет өткізді. Колледж директоры Арман Шәмшин шараның маңыздылығына тоқталды.
– Әдебиет сүйер қауым үшін, біз үшін, жанымызға жақын бір есім бар. Ол – Абай. Қазақтың бас ақыны туралы сөз болғанда ойымызды жүйелеп, сөзімізді салмақтап, саралап аламыз. Абай шығармашылығы жастардың білімді, отансүйгіш болып өсуіне ерекше әсер етеді. Әркімнің де рухани әлемін байытып, ой-өрістерін кеңейтеді. Студенттер ұлы ақынның туындыларын жете білуі қажет деп ойлаймын. «Абай оқуы» байқауы оқушылардың ақындық қасиетін, жыр жаттау қабілетін, сонымен қатар дауыс шеберліктерін шыңдай түседі, – деді Арман Жақанұлы.
«Абай оқулары» сахналанған көрініспен басталды. Бала Абайдың ғылым-білімге деген ізденісін, әдебиетке деген талпынысын колледж студенттері шебер орындады.
Бірінші кезең – «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы». Мұнда қатысушылар Абайдың қара сөздерінің мағынасын ашып, өлеңдерін жатқа оқыды. Әділқазылар Ғалымжан Орынбаев пен Дина Нұрғалиеваның орындау шеберлігін жақсы бағалады. «Көңілім әнді ұғады» аталымы бойынша облысымызға танымал жас әнші Мәдина Жазықпаева бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ, Әділ Жақыпов та Абай әндерін нақышына келтіре орындады. Үшінші кезеңде студенттердің ақындығы бағамдалды. Олар авторлық өлеңдерінде ұйқас сақтауға жоғары мән беріпті. Жас ақындардың ішінде өз өлеңдерін мәнерлеп оқыған Ақжол Балтабаев пен Жамбыл Қожановтар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Айта кетерлігі, барлық аталымдарда қатысушылар ұлттық киімдермен шығып отырды.
Қостанай құрылыс колледжінде студенттердің қалалық және оқу орны ішінде ұйымдастырылған мәдени шараларға қатынасып, өз мүмкіншіліктерін кеңінен пайдалануға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ұлы ойшылдың асыл сөздерін жас ұрпақ санасына сіңіру үшін «Абай оқуы» байқауын жыл сайын өткізу жоспарда бар дейді колледж директоры.
Қасқырбай Қойшыманов