Лондон студенттері кен алқабында
Ұлыбританияның Эксетер университетінің студенттері өндірістік тәжірибе барысында «ССКӨБ» АҚ бөлімшелерімен жақынырақ танысуда. Жуырда олар кәсіпорындағы әріптестерімен бірге фабрикалық кешенде болды.
Қазіргі таңда бұл өндіріс орны еліміз бен ТМД-дағы темір кені шикізатын дайындайтын бірден-бір кәсіпорын болып табылады. Басты өнім – темір кенді флюсталған жентек пен темір кені концентраты. Әлемдік стандартқа сай домналық өндіріске арналған сапалы шикізат металлургияда өте жоғары сұранысқа ие.
Студенттердің эскурсиясы таныстыру тақтасынан басталды. Мұнда кен дайындау және байыту фабрикасындағы өндірістің барысы, оның барлық учаскелері мен цехтары, темір кені концентратын өндірудің бүкіл үдерісі бейнеленген. Кәсіпорын жұмысымен егжей-тегжейлі танысқан қонақтар қос фабриканы аралауға кірісті.
– Бұған дейін Еуразиялық Топтың техникалық кеңесіне қатысып, Сарыбай және Қоржынкөл кеніштеріндегі ауқымды жұмыстардың куәсі болдым. Бүгін болса, фабрикалық кешенге келіп, кен дайындау және байыту барысымен егжей-тегжейлі танысып жатырмыз. Маған Рудный халқының қонақжайлылығы, заманауи өндіріске бет алған кен алыбындағы игі өзгерістер ұнады, – дейді Эксетер университетінің 2-курс студенті Осман Мухаммед.
«ССКӨБ» АҚ бөлімшелерінен мол тәжірибе жинақтаған студенттер демалыс күні Тұманды Альбион еліне аттанды. Бұл сапар оларға оқу барысында алған теориялық білімдерін тау-кен кәсіпорындарында байқап көруге мүмкіндік бергені сөзсіз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы.