А. Имановтың домбырасы мұражай қорында
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған «1916 жылдың батырлары» атты көрме ашылды.
Көрмеге мұражай қорынан көтеріліс тарихына қатысты Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты қорынан алынған құжат көшірмелері, әр жылдары түсірілген Амангелді сарбаздарының фотосуреттері, Торғайдағы әскери қимылдар өткен орындардың фотосуреттері қойылды. Қазақтың белгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің «Амангелді жасағы жорықта» атты туындысы да осы көрмеден орын алған. Қазақстанның халық суретшісі Х.Наурызбаев жасаған Амангелді мүсіні қойылған.
–Бүгінгі көрме тарихи құндылықтарымен құнды. Біздің мұрағаттарда да жинақталған құжаттар өте көп. Бұл жерде А.Имановтың хатшысы болған, халық ақыны Омар Шипиннің жеке заттары да орын алды. Көрме сол кезеңнің қару-жарақтары, ұста құралдарымен толықтырылды. Біздің мұражайдағы ең құнда жәдігер – Амангелді Имановтың домбырасы. Бірақ бұл домбыраны біз тұрақты эксподицияда тұрғандықтан көрмеге қоймадық. Домбыра сүйектен жасалып, күміспен көмкерілген. Бұл біз үшін өте құны дүние, – дейді мұражайдың бөлім меңгерушісі Назима Оташева.
Аталған көрме екі ай көлемінде жұмыс істейді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА