Кітапхана жүйесіндегі жаңа белестер
Алматы қаласында "Алматы – достастықтың мәдени астанасы" атты халықаралық конференция өтті. Аталмыш шараға Рудный орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының балалар ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Ибжар қатысып, кітапхана тәжірибесінде инновациялық технологияларды дамытудың мәселелерін талқылауда ой өрбітіп қайтты.
Халықаралық конференцияның басты мақсаты – ақпарат аясында өзгерудің әлемдік беталысын ескере отырып, Қазақстандағы кітапхана ісін дамытудың жаңа стратегиясын айқындау. Мәжіліске Қазақстанның барлық облыстарынан 250 делегат, сонымен қатар Ресей, Беларусь, Украина, Молдова, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан және өзге де елдердің кітапхана мамандары атсалысты. Негізгі дәріс берушілер Мәскеу мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің профессоры Вадим Степанов, Мәскеу қалалық кітапхана орталығының қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Анна Ландер, Ресей Ғылым академиясының ғылыми жұмыстар жөніндегі директорының орынбасары Юрий Чёрный заманауи кітапханаларды ақпараттық технологиясыз елестету мүмкін емес екендігін, оны кеңінен пайдалану жолдарын тілге тиек етті.
Конференцияның екінші күні "Қазақстан кітапханаларының ақпараттық ресурстары мен технологияларының жаһандық трансформациясы" бағытындағы секция бойынша жұмысқа бағытталды. Мақсаты айқын, кітапханашы тек кітапты оқытумен шектелмей, зияткерлік дарынды тұлғаны даярлау міндетін атқаруы тиіс.
– Конференцияда өзекті мә-селелер ортаға салынды. Со-ның маңыздысы жетекші кітапханаларды ақпараттық орталықтарға трансформациялау, мемлекеттік кітапханалық саясатын жасау мақсатында кітапханалық-ақпараттық кеңес құру. Жұмыс барысында кітапхана мамандарын қайта даярлау базасын нығайтуға байланысты Қазақстан Республикасы Мә-дениет және спорт министрлігіне ұсыныс та дайындалды. Жалпы мәжілістің түйіні кітапхананың бүгіні мен болашағы туралы келелі ойлар қозғалды. Өзіме көп нәрсе алдым, – дейді өз ісінің майталман маманы Гүлшат Жандарбекқызы.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
СУРЕТТЕ: конференцияға қатысушылардың бір тобы.