Облыс әкімі Сарыкөлге сапарлады
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс бабымен Сарыкөл ауданына келді.
Сапар барысында Архимед Бегежанұлы «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда атқарылып жатқан ауқымды істермен танысты. Мәселен, Миронов көшесі бойында бой түзеген №2 таза су резервуарында болып, ондағы жүргізіліп жатқан сан түрлі жұмыстардың сапасын сұрады.
Бұл сұраққа аудан әкімі Эльдар Күзенбаев пен бас мердігер «Ерлан Компаниясы» ЖШС бас директоры Төлеген Жайлаубаевтар жауап берді.
-Жалпы, биыл өңір бойынша 30 км су құбырын тарту жоспарланған, қазір соның 24 км жасалды, 6 км қалды, -деп атап өтті аудан басшысы.
Ал, бас мердігер «Ерлан Компаниясы» ЖШС бас директоры Төлеген Жайлаубаев болса, су құбырын тарту жұмыстары өңірде кезең-кезеңімен орындалып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, қосымша мердігер «Ұлан» МҚК бірлесе біраз шаруа бітіргендіктерін сөз етті.
-Былтыр, біз, осы жерде 1500 текше метрлік жаңа су қоймасын салдық. Бүгінде дайын тұр. Енді, биыл ескі су қоймасын жаңарттық. Маңайды абаттандырамыз, – деп өз сөзін толықтырды ол.
Айталық, Сарыкөл ауданы Сарыкөл кентіне су құбыры желілерін тарту жұмыстары (екінші кезеңі) 2013 жылдың мамыр айында басталған болатын. Құрылыс-монтаж жұмысының жалпы мөлшері – 2 млрд. 977 мың теңге. Соның 498 740 млн. теңгесі 2013 жылы (16 км су құбыры салынды), ал 2014 жылы 887 123 млн. теңгесі игерілді (54,4 км су құбыры). Сондай-ақ, 2015 жылы 684, 106 млн. теңге (36,1 км) және 2016 жылы 914 100 796 теңгесі жұмсалды ( 35,9 км). Жалпы, бұл тұрғыдағы жұмыстар ағымдағы жылдың желтоқсан айында толықтай аяқталады.
Айта кеткен жөн, аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов:
-Су өткізгенде, алдымен, сапасы басты назарда болуы тиіс. Қыстың күні қатып қалмайтындай, ертең халық үйімізге су кіргізіп, жолымызды бүлдіріп тастадыңдар деп арызданбайтындай етіп жасау керек. Осы жағына баса мән беріңдер, – деп ескертті.
Аудан әкімі Эльдар Күзенбаев бұл жүктелген міндетті жіті назарда ұстайтындығын айтты.
Бұдан кейін облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Сарыкөл кентінің орталық алаңына бет бұрып, «Көркейе бер, Қостанай!» акциясы аясында жаңартылып жатқан алаңдағы жұмыстарды бақылады. 10 000 шаршы метрді алып жатқан бұл жерге жалпы соммасы 60 млн. теңге қаржы жұмсалмақ.
Руслан Әлкеев,
Сарыкөл ауданы.