Алғашқы күн: талап пен тәртіп қалай?
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 18 мамырдан бастап Қостанай өңірінде (Жітіқарадан басқа аудандар мен қалалар) карантин режимі жеңілдетілді. Саябақтарда, алаңдарда, жағалауларда отбасымен немесе үш адамнан топтасып серуендеуге рұқсат берілді. Базарлар мен сауда орталықтары ашылып, халыққа қызмет көрсетуші бірқатар бизнес нысандары жұмысын жалғастырды.
Гүлнар Жұбатқанқызы облыс орталығындағы тігін ательесінде әкімші болып жұмыс істейді. Ол карантин кезінде бизнестің табысы азайғанымен, қазір тұрақты клиенттер қайта байланысқа шығып, тапсырыстар түсіп жатқанын айтады.
– Карантин енгізілгенге дейін тапсырыс берген тұрақты клиенттеріміз бір айлық үзіліске түсіністікпен қарады. Бірінші күндегі қарқынымызды бұрынғы қалыппен салыстыру қиын. Бірақ, бірте-бірте бәрі реттеледі деген ойдамын. Мен мұнда үш жылдан бері қызмет етіп келемін. Қолым босай қалғанда тігін машинасына отырып, әріптестеріме көмектесемін. Өйткені, тапсырыстардан бөлек, киім қыстартуға немесе тіктіруге келетіндер де бар. Бәріне уақытында үлгеру керек. Әрине, қауіпсіздік ережелері естен шықпайды, келушілерге де ескертіп отырамыз, – дейді ателье әкімшісі.
Бүгін мектепке дейінгі ұйымдар да жұмысқа кірісіп, кезекші топтар ашылды. Бекітілген ережеге сәйкес, әр топта тек 15 баладан болуы тиіс. Оның сыртында санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталуы шарт.
– Балабақша іші дезинфекциялық құрылғылармен күніне үш рет жуылады. Қызметкерлер міндетті түрде маска тағып жүруі керек. Ал балалардан эпидорта туралы анықтама талап етіледі. Бүгін карантиннен кейінгі бірінші күн болғандықтан, ол анықтаманы көбісі алып үлгермеген. Сондықтан, қазір балабақшамызға бірен-саран ғана бала келді, – дейді Қостанайдағы №44 бөбекжай-балабақшасының директоры Лилия Елекеева.
Аталған мектепке дейінгі мекемеге карантинге дейін 260 бала барып жүрсе, қазір уақытша шектеулерге байланысты 150 балдырған ғана қабылданады. Балабақша директорының айтуынша, бұл ретте ата-анасы жұмыс істейтін балаларға басымық берілмек.
Сондай-ақ, бүгін қала ішінде қоғамдық көліктер де жүре бастады. Талапқа сәйкес, жолаушыларға автобустарға маскасыз кіруге тыйым салынған. Алайда, кейбір тұрғындар қауіпсіздік ережелерін толық ескере бермейді. Жүргізушілердің ескертуін елемейтіндер де бар.
– «Маскасыз кіруге болмайды» деп автобус сыртына да, ішіне де іліп қойдық. Бірақ, көбі беттұмшасын ұмытып кеткенін айтады, – дейді автобус жүргізушісі Анатолий.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ