Бюджет қаржысын тиімді игеру қажет

Өңірдегі бірнеше өзекті мәселелерге, әсіресе, әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмысына бөлінетін қаржының қаншалықты игеріліп жатқанын халық қалаулылары әрдайым назарында ұстап келеді.
Қостанай облыстық мәслихатының депутаттары таяуда Рудный қаласы және оның іргесіндегі Перцев ауылы мен Қашар кенттерінде болып, бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, ауылдың жай-күймен танысып қайтты.кашар
Алдымен, Перцев ауылына ат басын бұрған олар таяуда ғана құрылысы тәмам болған су жаңа мектеп ғимаратына табан тіреді. Бұған дейін ауылда негізгі мектеп болған-ды. Бірақ ескі, әбден тозығы жеткен ғимарат ауылдың сиқын қашырған. Сөйтіп, Рудный қалалық әкімдігі бюджеттен 654 млн. теңге қаражат бөліп, 150 балаға шақталған зәулім мектеп тұрғызған.
– Өздеріңіз байқағандай, мектеп барлық талапқа сай жабдықталған. Перцевте тұратын отбасылардың 70 баласы осында білім алады. Ауылды дамытуға, адамдарды тұрақты жұмыспен қамтуға және тұрғындардың басқа жерге қоныс аудармауы үшін бұл мектеп салынған. Рудный шаһарынан 17 шақырым жерде орналасқан ауылда қазір 500 адам тұрады. Көбісі комбинатта жұмыс істейді. Әзірге басқа жақтан көшіп келіп немесе көшіп жатқан ешкім жоқ,– деп Рудный қаласы әкімінің орынбасары Елена Скаредина мән-жайды түсіндіргендей болды.
Бірақ депутаттардың көңілі мектепке емес, зәулім ғимаратты оқушылармен толықтыруға келгенде алаңдаулы болды.
– 150 оқушыны қамтитын қыруар қаржы жұмсалған білім шаңырағында 70 бала ғана оқиды. Бұл қалай?..– деді, маслихаттың бюджет мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Алма Дощанова аң-таң болып. – Жобаны жасағанда не ойладыңыздар? Мынадай мектеп арқылы ауылға қоныс аударатын адам таппақ ниеттеріңізді түсінбедім.
Бұған қала әкімінің орынбасары ақталмақ болып:
– Мектеп – ауылдың басты әлеуметтік нысаны. Егер мектеп жабылса, ауылдың құрығаны ғой. Біз мектеп ішінде шағын орталықтар ашып, 25 бала қабылдайын отырмыз. Көрші ауылдан да балалар келмек,– деді.
Содан соң халық қалаулылары өңірімізде құс жұмыртқаларын өндіретін «Жас Қанат – 2006» ЖШС-де және Рудный қаласындағы Октябрьдің 50 жылдығы мен Корчагин көшелеріне жүргізілген жаңарту жұмыстарымен танысты.
Бұл нысандардан кейін келесі бағыт – Қашар ауылы болды. Бұрынғы жылдарға қарағанда Қашар кентінде біраз өзгерістердің бары анық сезілді. Ауылдың тамырына қан жүгіргені бірден байқалады. Ауылды дамыту үшін Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты біраз демеушілік жасапты. Жаңадан мешіт тұрғызылып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған. Кенттегі №1 орта мектепке де күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Яғни, бір сөзбен айтқанда, Қашар кенті қазір қарқынды дамып келеді. Бір мәселесі – ауылдағы «Юность» мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажетсініп тұр. Осыған дейін комбинаттың қарауында болып келген мәдени ошақ қазір қала әкімдігінің балансына өткен.
кашарр
Ауыл әкімі күрдел жөндеуге 500-600 млн. теңге қаржы жұмсалатынын айтқанда, халық қалаулылары бірден келіспейтіндігін жеткізді.
– Бұл – тым көп қаражат. Мен Сіздерді ауылыма апарайын, ондағы мәдениет үйін көріңіздер. Содан кейін сол мәдениет үйіне қанша қаражат жұмсағанымды сұраңыз,– деді мәслихат депутаты, «Диевская» Агрофирма» ЖШС-нің директоры Олег Даниленко.
Халық қалаулылары осы сапарында ауылдағы бірнеше түйткілді көзбен көріп, оймен шолып, жақсылығына көңілі толып, кемшіліктеріне сын айтып, бюджет қаржысын тиімді пайдалану керектігін алға тартты.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓