Жаны жайсаң еді

Қазақтың "ортаң ортаймасын" деген сөзінің мағынасына жастықта көп мән бермейтін едік. Тек жылдар өтіп, сақал мұртты қырау басқанда ғана ойланатын болдық. Осынау бес күн жалғанда қимас достардың орны бөлек екен. Көңілден сондай бір ерекше орын алған ел құрметіне бөленген, көрнекті қоғам қайраткері, білікті,  іскер  басшы Нұрхан Жиентаев туралы ойымды ортаға салғым келеді.
нурхан Жиентаев
Қамшының сабындай ғана қысқа, зымырап өтіп жатқан өмір. Кеше ғана күліп-ойнап бірге жүрген Нұрекеңнің о дү-ниелік болғанына он жылдың жүзі толып отыр. Бүгіндері ол тірі болса жетпісті де  еңсеріп жүрген болар еді. Нұрекеңнің жүзі жарқын, жайдары, өзгені тыңдай білетін, ойын тыңдата алатын, достыққа адал, ерекше бір жан еді.
1970 жылдың күзінде қызмет бабымен Федоров ауданына қатынап жүрген кезім болатын. Осы ауданға бір жол түскенде мәдениет үйіне кірдім. Онда мұғалімдердің тамыз конференциясы өтіп жатыр екен. Зал лық толы оқытушы-ұстаздар, төрде аудан басшылары, облыс өкілдері, мінбеде арықша, орта бойлы қазақ жігіті сөз сөйлеп тұр екен. Залдағылардың назары осы кісіде. Шешеннің тартымды сөзі ме, әлде бір құлаққа жағымды дауысы ма, баяндаманы аяғына дейін тыңдағанымды өзім де байқамай қалыппын. Нұрекеңнің орыс тілінде жетік әрі еркін сөйлейтіні мені таң қалдырды.
Сұрастыра келсем бұл Нұрекеңнің аудандық оқу бөлімін басқарып жүрген кезі екен. Кеңшар директорларын айтпағанда, аудандық партия, атқару комитетінде ең қатардағы қарапайым  нұсқаушы деген қызметтің өзі қолдарынан іс келетін қаракөз өкілдері-не бұйырмай жүрген ауданда, ол кезде аудандық оқу бөлімін басқару абзал азаматтарымыздың маңдайына сыймайтын жағдай еді. Шынтуайтына келгенде облыс бойынша мұндай лауазымды қызметке бірен-саран  аты қазақ, заты орыс ағайындарымыз ғана ие болатын. Демек,  кез келген қазақтың қолына тие бермейтін орын Нұрекеңе кездейсоқ берілмегені анық. Себебі оның аудан бойынша оқу саласында қай жағынан болмасын басқалардан бір саты жоғары тұрғандығы туралы талас тудырмағандығы болар.
Жиын соңынан таныспақ болып, жаңағы азаматтың қасына келдім. Қазақ дегеннен іргесін алыс салып жүрген, ана тіліне шорқақ, осы аудандағы көп шенеуніктің бірі ме деген оймен, жанына келіп орыс тілінде амандасып, өзімді таныстыра бастадым. Орысша еркін сөйлеп тұрған кісіге менің сөз тұрпатым ұнамады ма, ол маған күле қарап:
– Екі қазақ орысша шүлдір-лесіп тұрғанымыз ұят болар, өз тілімізге көшсек қайтеді?  – деді.
– Өте орынды Нұреке, мен өзім орысшаның қыр-сырын сіздей жетік меңгере қоймаған кісі едім, – деп,  әңгімелесімді бір көтеріп тастадым.
Мемлекет қауіпсіздігі қызметкерімен ана тілімде сөйлескеніме менен ешкім ұлтшыл деп сезіктенбес. Ал осы кезде орыс тіліне шорқақтау болсаң, біздерге Торғай, не Аманкелді-леріңе барыңдар демей ме. Туған  жерім осы Жаркөл болғандықтан бұл тілді  де  меңгеріп,  күн көріп жатқан жағдай бар деп, Нұрекең ашық, шынайы көңілмен бір күліп алды. Бір есте қалғаны, Нұрекең аудан орталығын орысша Федоров демей, оның ecкi атауымен Жаркөл деп отыратын. Ойлап отырсаң мұнда да бір үлкен сыр бар сияқты.
Халықта бір кісіні жетік білу, бір пұт тұз жегенмен тең дейді ғой. Бірақ та Нұрекеңнің қарапайымдылығын, адамгершілігі мен ашықтығын аңғару адам тани білетін кісіге қиын емес еді дер едім. Оның адамға жақындығы, ізгіліктілігі бірінші тіл қатысқаннан кейін-ақ сезілетін. Ал ашық, анық дауысы, оны көпшіліктен ерекшелеп тұратын. Нағыз қаз дауысты еді, марқұм.
Нұрекең сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Отырған  жері  көңілді,  базар еді. Жиындарда жұртты ауызына қаратып отыратын. Ән күйден де құр алақан емес болатын.
Бір күндері аудан орталығынан 60-70 шақырымдай жердегі Чапаев атты колхозға бару керек болды. Нұрекең ескі сөздерге, тарихқа өте жетік болатын.  Оның әңгімелері теңдесі жоқ бір дәріс сияқты еді.
– Нұреке, "Чапаев" колхозы жақта жұмысыңыз жоқ па, сізбен ілесіп барғым келеді, – деп жұмысына телефон шалдым.
– Келе қал, Ново-Шумный поселкесінде пионерлер жетекшілерінің аудандық слетін өткізбекші болып жатырмыз, соған автобуспен барамыз, деді.          Келсем үлкен автобус толған осы жиынға қатысушылар. Алдыңғы  жақта  қалдырған орынға Нұрекең екеуіміз орналастық. Жолдың нашарлығынан болған қиыншылықтарға қарамастан жастар шат-шадыман, автобус іші ойын күлкі, өлең.         Осы сапарда Нұрекеңнің тағы бір талантының куәгері болдым. Ол оның вокальдық өнері. Неткен сирек кездесетін сәнді дауыс еді! Соңынан мен "Нұреке-ау, мынандай дауыспен атың әлемге танымал әртіст болудың орнына, аудандық оқу бөлімінде не қылып жүрсің?" – деп, күлгенім бар. Ол қазақтың халық әндерін былай қойғанда, украин, орыс әндерін нәшіне келтіріп айтады екен. Осындай жақсы әннің әсерімен "Чапаев" колхозының орталығы сол Ново-Шумный елді мекеніне қалай келіп қалғанымызды да байқамай қалыппыз. Бұл шаруашылығы алға бас-қан, жетістіктерін сырттан келген делегацияларға үлгі есебін-де көрсететін колхоз болатын. Ал оның Төрағасы Михаил Кузьмич Затула деген кісі республикаға ғана емес, одаққа да аты танымал, көптеген ордендердің иегері, депутат, облыс басшысының ең сенімді кісісі болатын. Сондықтан болар ол өзін басқалардан жоғары ұстап, кез келген аудан мекемелерінің басшыларын орнынан тұрып қарсы ала қоймайтын. Орталық алаңда бізді сол М.Затула өзі бас болып қарсы алды. Бұл атақты адамның Нұрекеңе ерекше бір ілтипат көрсетіп жатқанына мен таң қалдым. Бұл да болса оның Нұрекеңнің жеке басын сыйлағандығы болар деп жорамалдадым.
1973 жылы Нұрекеңнің қызметі жоғарылап, Қостанай қаласына көшіп келгенде, отбасымызбен жанашыр туысымызбен қауышқандай болдық. Көңіліміздің жақындығы болар құдайы көрші болдық. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болады ғой, Нұрекең зайыбы Күләш екеуі әрқашан да солардың басы-қасында жүрді, ақылшымыз болды. Жалғыздықты сезінбедім. Достығымыз шынайы, қарым-қатынасымыз бүкпесіз болды. Нұрекеңнің қызмет бабын жеке мүддеге пайдалану сияқты жат пиғыл біздерде болып көрген жоқ. Кейбір шылық-былықтан аулақ – ол біздерге тек адал, әділ досымыз болды.
– Нұрханның өзі де қызметті беріліп істейтін. Оның жұрттай ауырып-сырқап жарты күн болса да жұмысқа бармай қалғанын көрмедім. Анда-санда жұмыс кабинетіне барғанымда, ол қауырт бір жұмыс үстінде болатын. Ол кезде көбіне негіз-гі жұмысты қолынан іс келетін орынбасарлар  атқарды  да, бастықтар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрді  емес пе еді. Сырттай байқауымша, облыстық оқу бөлімінің негізгі жұмысын көп жылдар бойы тек қана Нұрекең алып жүрді деп ойлаймын. Орыс тілін жетік білгендіктен көптеген облыстық партия комитетінің, облыс-тық атқару комитеттерінің кейбір маңызды құжаттарын жазып беруді Нұрекеңе тапсыратын. Оның орыс, украин тілдерін жетік меңгергенін айтпағанда неміс тілінде де біркелкі сөйлеп беретін. Бұл оның зеректігі болар.
– Нұрекең сүйген жары Кү-ләшпен 42 жыл тату-тәтті өмір сүріп, ұл-қызды, немерелі болды. Олар да тәрбиелі жандар болып, әр салада қызмет жасап жүр. Баласы Ғалымжан 1986 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін, мемлекеттік қызметте. Нұрекеңнің немерелері  Алина, Милана өсіп келеді. Қызы Гүлханым Мәс-кеу қаласындағы Тимирязев атындағы академияның 1988 жылғы түлегі. Қазір жанұясымен Астана қаласында лауазымды  қызметте. Жиені Тимур жоғары оқу орнын үздік тәмамдап, өзінің сүйген мамандығы бойынша қызмет істейді. Немерелері атасына тартқан.
– Нұрекең  мен Күләш бір-біріне  деген алғашқы махаббатын сақтай білген жандар. Таңертең жұмысқа екеуінің жұптарын жазбай қолтықтасып, бір бітпейтін ұзақ әңгімені айтып бара жатқанын көрсеңіз, кешке үйге жұмыстан солай оралатын. Бұның өзі бүгінгі жас-тарға үлкен өнеге емес пе еді. Ал үйде, не қонақта болсын олар бір-бірін сыйлап сөз айтпай түсініп отыратын жандар еді.
– Сол мәңгілік өшпес махаббаттың нышаны болар, Күлекең сол Нұрхан екеуі өткізген жақсы уақыттың куәсі болғандай үйдің түтінін түтетіп тұрып жатыр. Дос-жарандары, немерелері осы үйде жиі болып, Нұрекеңді еске алып тұрады. Үйдегі көп фотосуреттермен,  үйдің  кіреберіс   қабырғасындағы Нұрекеңнің мемориалдық тақтадағы суретін көріп, онымен бір қауышқандай болып қаламыз.
– Үйімізде сыйлы деген қонақтарымызды дастарқан басына отырғызғанда, Күләштің жанынан бір орынды – Нұрханның орнын бос ұстаймыз. Оны осы күнге дейін арамызда деп есептейміз.
Нұрекеңнің қонақжайлығы адамды таң қалдыратын. Қо-наққа жақсы көңіл көрсету, барлы жоғын оның алдына тартып, үйден риза қылып шығаруды ол өзінің бір парызы есебінде санайтын. Қонақтан, не басқа бір жақтан келе жатқанда үйге кіріп шығыңдар деп қолқалайтын еді.
Нұрекең бір ұзақ сырқатқа ілікті. Жақыныңды жаманатқа қиясың ба, алдында тұмау, суық тиген деп жүргеніміз үлкен жазылмас дертке айналды. Айлап ауруханаға жатуға тура келді. Ауруханаға барғанымызда бізді көргенде досымыздың көтеріңкі көңілмен төсектен басын көтеріп, бір қуанып қалғаны есімде. Бір уақыт жанға батып жатқан ауруды ұмытып, бізбен ұзақ әңгімелесті. Бұл да болса Нұрекеңнің рухының күштілігі, бізге деген үлкен достығының белгісі деп есептеймін. Бұл Нұрекеңмен соңғы кездесуіміз екен, көп ұзамай асыл азамат, шынайы досымыз о дүниелік болды.
Көптеген артта қалған шәкірттері бар ұстазды өлді деуге болмайды. Нұрекең көріп үлгірмеген бақыт пен өмірді оның ұрпақтарына, жастарға тілеймін. Әрқашанда Нұрхан ағаларыңыздың ісі сіздерге үлгі болсын.
 
Ғалихан Мәулетов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓