Кенжеш Оразғалиқызы: “Газеттің бүгіні мен ертеңі алаңдатады”

"Қостанай таңы" газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы Астанада өтіп жатқан Өңірлік мерзімді басылымдар форумында газеттің бүгіні мен ертеңі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
"Бұл тек басылым редакцияларын мазалап отырған мәселе емес, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің назарындағы түйткіл. Сондықтан, министрліктің ұйымдастыруымен алғаш рет Өңірлік мерзімді басылымдар форумы өткізіліп отыр. Еліміздің барлық өңірінен жергілікті басылымдардың бас редакторлары жиналды. Көптен күткен басқосудың әріптестерге тың серпін берері анық. Қаралған, талданған мәселелер қатары көп. Соның ішінде газеттің жұмысын заманауи жолмен идеологиялық-ақпараттық құрал ретінде жандандыру, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты сапалы жүзеге асыру, қоғам алдындағы басылымның мәртебесін көтеру, қоғамның БАҚ-қа деген сенімін арттыру,  журналистің мәртебесін көтеру, кәсіби біліктілікті жоғарылату, әлеуметтік жағдайын жасау және басқа да көптеген түйткілдер талқыланды", – деді облыстық "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы.
Сонымен қатар, Кенжеш Оразғалиқызы дәстүрлі басылымды сақтаудың өзектілігіне тоқталды. Ол міндетті түрде заманауи жолмен, сайтта, әлеуметтік желілерде ақпараттандыруды кәсіби, белсенді қолдана отырып, әр тараптан  оқырмандар тарту зор маңызға ие екенін айтты.
"Дәстүрлі басылымды одан әрі қалай дамытамыз? Бұл сұраққа осы форумда тұшымды жауап алдық. Спикерлер заманауи БАҚ арқылы табыс табу көздерін бүге-шүгесіне дейін ашық жеткізді. Оған қоса, өңір басылымдары бас редакторларының өзара танысып, тәжірибе алмасуға жол ашылды. Форумның ашылуына ҚР Премьер министрінің орынбасары Алтай Сейдірұлы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы арнайы қатысты. Министр екі күндік форумда баспасөз өкілдері ортаға салған көзқарас-пікірлерге мұқият тыңдап, жауап беріп, ұсыныстарды назарға алынатынын жеткізді. Ашық пікір, бүкпесіз ой-толғамдар айтылған форумның берер жемісі мол боларына, алдағы уақытта жалғасын табарына сенімдімін", – деді Кенжеш Оразғалиқызы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓