Ауылдың алтын қазығы. Жаңбыршыновтар әулеті туралы сөз
Жаңа Зеңгі баба тұқымын заңдастыру сәтін көру жоғарыда аталған қайраткер азаматтардың ізбасары, ұзақ жылдардан бері Әулиекөл ауданының Мәскелеу ауылын басқарып келе жатқан ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі, ауданның құрметті азаматы Зейнолла Жаңбыршыновқа бұйырды. Сонау алпысыншы жылдардың басынан бері республиканың солтүстік аймақтарының қатал қысына төтеп беретін, дене тұрқы ірі, етті, тамақ талғамайтын, өсімі жылдам мал тұқымын алу үшін аз еңбек етпегендердің бірі де – осы Зейнолла Абайұлы. Бүгінде ардагер басшы сол кездің жемісі мен қызығын көріп отыр. Балалары да әке жолын қуып, қазіргі таңда Мәскелеу ауылынан – тәлімгер әкенің қасынан ұзап кетпеді.
"Нағашы әжем өзі құда түсіп, үйлендірді"
Жаңбыршыновтар әулетінің ата қонысы қазіргі Мәскелеу ауылының сыртындағы Аласор жері. 1930 жылы Мәскелеу шаруашылығы құрылған кезде Аласор оның бір бөлімшесі болды.
– Әкем Абай мен анам Нұрқия 1938 жылы үйленіпті. Ал мен 1940 жылы дүние-ге келдім, – деп әңгіме бастады Зейнолла ағай. – Соғыс басталған жылы әкем майданға алынып, 1945 жылы жеңіспен оралды. Елге келісімен, ауылдық кеңестің төрағалығы қызметін атқарып жүрді де, 1948 жылы дүние салды. Әкемнің ағасы Ахат та көз жұмды. Анам Нұрқия шиеттей үш баламен қалды. Менің балалық шағым осындай ауыр жылдармен басталды. 5-6 сыныпта оқып жүргенімде, таңертең алтыда тұрып жұмысқа араласып жүрдік. Бізді "қанаттыға қақтырмайын, тұмсықтыға шоқтырмайын" деп, нағашы әжем Айша өз қамқорлығына алды. 1939 жылы Қостанай облыстық кеңесінің бірінші шақырылым депутаты болып сайланған нағашы әжем Айша Сүйінші стахановшы атанып, кейін Мәскеуге дейін барып, Сталиннің мандатына ие болған адам. Ал анам әкемнен 27 жасында қалса да, тағдырдың басқа салғанына мойымады. Үш баланы ел қатарына қосу үшін аянған жоқ, 85 жасқа келіп дүние салды.
Мәскелеу жеті жылдық мектебін аяқтаған Зейнолла 1958 жылы отбасын құрады. Дұрысы сол, дана Айша әжесі өзі қатарлы Балдай есімді замандасының 17 жасар Бижамал атты немересіне құда түсіп, үйлендірді. Үлкеннің ақылын алу, алдын кеспеу, айтқанын жолда қалдырмау тек текті адамның ісі. Зейнолла Абайұлы мен Бижамал Сапарбекқызы екеуі сол аталардың асыл қағидасын ұстанып, бүгінде 5 ұл көріп, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.
"Еңбек ерте есейтті"
Зейнолла Жаңбыршынов мектеп бітіргеннен кейін аз жыл мал бақты, механизатор, көлік жүргізушісі болды. Айша әже немересінің осындай қиын жұмыс істегеніне қарап: "сенің балаларыңның қара жұмысқа жегілгенін көрмесем екен" деп отырады екен. 1969 жылы Қостанайдағы ауыл шаруашылығы техникумын зоотехник мамандығы бойынша тәмамдады. Алғашқы қызметтік жолын бөлімше зоотехнигі болудан бастады:
– Кейін бас зоотехник болдым. Осылайша өз мамандығым бойынша аз уақыт жұмыс істеп жүргенім сол еді, бірде ауыл басшысы М.Карпов маған "партия комитетіне хатшы боласың" деді. Өзімнің үйреншікті жұмысымнан қол үзгім келмейтінін айтып, мына қызметтен бас тарттым, бірақ партия менің шешімімді сұрамайды ғой, "барасың" деген соң екі жыл партия комитетінің хатшысы қызметін атқардым. Дегенмен, ол қызмет өмірлік тәжірибеме қажет болды. 1972 жылы Қостанай ауыл шаруашылық институтына сырттай оқуға түсіп, мамандығымды жоғарылатып оқып алдым, – дейді Зейнолла аға.
Ғалымның хаты өлмейді
1961 жылдан бастап Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу технология институты, Алматы зооветеринария институты ғалымдары облысымыздың мамандарымен бірлесіп, Солтүстік Қазақстан аймағының ауа-райына төзімді, етті сиыр – "әулиекөл" тұқымын шығару үшін күрделі будандастыру шарасын жүргізді. Мәскелеуде Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тірек мекені ашылып, оны ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты И.Мусин басқарды. Ал жаңашылдықты жаны сүйетін жас маман Зейнолла 1964 жылы аталған тірек мекенге лаборант қызметіне алындым дейді:
1992 жыл Әулиекөл ауданының Мәскелеу кеңшары үшін тарихта қалған жыл саналады. Отыз жылғы табан ақы, маңдай тердің өтеуі ретінде – жаңа "әулиекөл" тұқымды ірі қара мал өмірге келді. Сол жылдың 26 қазан күні еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі "әулиекөл" тұқымын заңдастыру туралы жарлық шығарды. Қазақтың ақбасы және шароле мен абердин-ангус төлді сиырларын будандастыру арқылы алынған жаңа етті сиыр тұқымын шығару үшін 1961 жылы Мәскелеу ауылында Социалистік Еңбек Ері, академик Н.Ростовцевтің жетекшілігімен ғылыми жұмыс қолға алынған болатын. Бұл үлкен ғылыми науқанға профессор И.Черкащенко, И.Мусин, А.Смағұлов, И.Нәметов, М.Карпов қатарлы Кеңестік ауыл шаруашылығының үздіктері тынбай атсалысты.
– Қазақтың ақбасы және шароле мен абердин-ангус төлдерін будандастырып, одан туған қаны аралас малды жеделдетіп бордақылап, етке өткізіп отырдық. Әдетте әрбір тайыншаның тірідей салмағы орташа 280 келіден аспайтын болса, будандастыру тәсілінен кейін оның салмағы 500 келіден асып жығылатын болды. Жаңа тұқым 15 айлығында 450, 18 айлығында 520, 2 жаста 620 келіге дейін жетеді. Сиыр етінің үлесі орташа 47 пайыз болады, ал "әулиекөл" тұқымында 60-63 пайыз. Басқа сиырларға қарағанда, ұзағырақ жасайды әрі көп төлдейді. Міне, ғылымның осындай жетістігі бастапқыда қызықтырып жүрсе, кейін мені тарта бастады. Бір жағы, академик Н.Ростовцев, тәлімгерлерім И.Мусин мен М.Карповтың ықпалын ерекше атап өтейін, Алланың қолдауымен Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясында кандидаттық диссертация қорғадым.
Адал еңбектің жемісі
Зейнолла ағай 1987 жылдан бері Әулие-көл ауданының Мәскелеу ауылын басқарып келеді. Алғаш 1992 жылы үкімет "әулие-көл" асыл тұқымды малын заңды бекіткен кезде ауылда таза тұқымды 12 мың бас болды. Нарықтың қиын күндерінде мал саны азайды. Бүгінде "Мәскелеу" ЖШС 3,5 мың төл өсіріп отыр. Білікті басшы Елбасының қолдауына ие болды. Мемлекетеміздің асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отырғанын құптайды. Бұл мақсатта қаншама қолжетімді бағдарламалар қабылдады. Дегенмен Зекең мал санын көбейтуге әлі де құлықсызбыз дейді:
– Қазақ жерінде отырып, мал бақпау деген ұят. Біз 3 мың шақырым Беларусьтен ет сатып аламыз деген не сұмдық! Мемлекет басшысы бізге етті экспорттаңдар дейді, ал біз не істейміз? Қайта сырттан тасуды тоқтатпай отырмыз. Мал өсіріп, ішкі нарықты толтыруымыз керек қой. Ал ірі шаруа қожалықтары шетелдермен бәсекеге шығу жағын қарастыру қажет. Сол үшін ауыл азаматтары мал бақса деймін. Әйтпесе, ауылдағы жұмыссыз жас-тардың дені қалаға кетеді. Онда барып, екі қолға бір күрек таппағандар, көрінген жұмыс істеп жүр. Пәтер жалдайды, басқа да толып жатқан коммуналдық төлемдер бар. Өз басым осыған ішім ашиды. Қай заманда да мал баққан адамның аш қалды дегенін естігенім жоқ. Барлық ырыздық – ауылда. Кім не десе, о десін, тіпті, ауылдағы біздің тіземіз тезекке батып жүр дейтін шығар, бірақ аузымыз жазда ақтан, қыста қызылдан арылған емес.
Тәжірибелі басшы еліміздегі жас тұқымды әрі қарай дамыту үшін әлі де тынбай жұмыс атқару керектігін айтады. Ол үшін селекциялық желіні дамытып, малды асылдандыру жұмысы тоқтап қалмаса екен дейді. Екіншіден, "әулиекөл" тұқымына қажетті малдың азығы тапшы. Жаңа төл азық талғамайды, бірақ протеині бар шөптермен қоректенсе, өсімі жылдамдайды. Дұрыс азық болса, төл күніне 1-1,2 келі салмақ қосады.
Қазір ауылда мыңға тарта адам мекен етсе, 170 адам серіктестікте жұмыс істейді. Шаруашылық сиырмен қоса, түйе, жылқы өсіреді. Қазіргі таңда Әулиекөл ауданының Диев, Тимофеев, Аққұдық ауылдарымен қоса, өңіріміздің бірқатар аудандарында Зеңгі бабаның осы бір тұқымы өсіп-өніп жатыр.
Ауылда – абыройлы, әулетте – беделді
Жаңбыршыновтар жанұясы биылғы "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының өңіріміздегі жеңімпазы атанып, республикалық іріктеуге жолдама алды. Әулеттің мұндай дәрежелі атаққа ие болуы тегін емес. Бүгінде Зейнолла Абайұлы білікті басшы, тәжірибелі маман ғана емес, Бижамал анамызбен бірге бес ұлы мен келін-дері және немерелерінің алдында ас- қар таудай әке мен ана, тәлімгер ата-әже атанып отыр. Балаларының көбі әке таңдаған мамандықты таңдап қана қойған жоқ, бүгінгі таңда Зейнолла ағайдың жан-жағындағы тіреуіштері. Тұңғыш ұлы Базарбайдың мамандығы – зоотехник, қазір серіктестік директорының орынбасары. Одан кейінгі Талғат та – ауылдағы зоотехник, ортаншысы Жомарт – еңбекті қорғау жөніндегі менеджер. Дулат – бас инженер, ал кенжесі Нысанбай – бас агроном. Барлығы да серіктестік ұжымында басшының сүйеніші, сенімді серігі болса, отбасында шаңырақтың мызғымайтын бір-бір уығы.
Біз Мәскелеу ауылына барған сапарымызда Зейнолла ағайға "әке болу қиын ба, басшы болу қиын ба?" деген сұрақ қойып едік:
– Ата-ана атану оңай емес, ал басшы болған қиын жұмыс. Себебі, жауапкершіліктің барлығы сенің мойныңда. Ең бастысы, өзің басқарып отырған ұжымыңды тыңдата білуің керек. Жанұяда отаға бола білген адам үшін қандай жұмыстың да қиындығы жоқ деп ойлаймын. Отбасы дұрыс болса, жұмысқа көтеріңкі көңілмен барып, көтеріңкі көңілмен қайтып келесің. Өз жұмысын жақсы көріп істеген адам – Отанына үлкен пайда әкелген адам. Балаларыма өмірде көргенімді, жиғанымды әрдайым үлгі етіп жүруге тырыстым. Мен үшін отбасым, ұжымымыз ынтымағы жарасқан мемлекет тәрізді. Өз басым барлық ауылдар біздің ұжымымыздан үлгі алса деймін. Балаларға өнегелі тәрбие беріп, жанұяны айрандай ұйытып отыр-ған отанасы Бижамалдың еңбегін ерекше атап өтем. Қазір қарашаңырақта – Нысанбай отыр. Ағалары оны құрметтейді, үнемі онымен ақыл қосып отырады. Балаларымның ешқайда кетпей, қасымда жүргені де – өзім тәлім алған ортаның оң әсері.
Жаңбыршыновтар әулеті оқушы, студенттердің тоқсандық демалысы кезінде үлкен шаңырақта бас қосуды дәстүрге айналдырған. Ағамыз бен апамыздың оқудағы барлық немерелері жан-жақтан жиналған кезде, үйде нағыз мереке басталады. Жиналып, ағаш отырғызады, атасы мен әжесі ұрпағының тілеуін тілеп, теріс тәрбиеге, арақ-шарапқа үйір болмаңдар деп үнемі ақыл айтуға бар. Әулеттің өзі ішімдік атаулыдан аулақ. Тіпті, кеңестік дәуірде тұңғыштары Базарбай үйленгенде, дастарханға арақ-шарап қойылмапты. Есесіне, Зекең ауылда мешіт салдырды, ауыл балаларының оқуына, демалысына үлкен ден қойды. Жағдайы төмен отбасыларға, кемтар жандарға, өнерге, діни, ағарту, спорттық шараларға қол ұшын беруді азаматтық парызым деп санайды.
Зейнолла Абайұлы қаншама марапаттарға ие болса да, өмірінде асып-тасыған адам емес. Қандай жетістікке жетсе де, өзінің аға буын ұстаздарын, қатарлас қызметтестерін, айналасындағы ауылдас жұмысшыларды аузынан бір тастамайды. Бұл туралы өзінің "Мәскелеу – менің тағдырым", "Атамекен – Аласор", "Мәскелеу" кітаптарында кеңінен атап өтті. Оның сыртында серіктестіктің тынысы, азаматтардың еңбегі туралы теле-радио, мерзімдік басылымдар аз жазған жоқ.
Қыдырбек Қиысханұлы.