ҚАЗАНДЫҚТАР ҚАЗАНҒА ДЕЙІН ЖАҢАРТЫЛМАҚ
Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы қысқы маусымға әзірлік жұмыстарын пысықтады. 10 қазандық пен 2 су қозғалтқыш толықтай жөндеуге алынды. 1,7 км жылу өтетін құбыр жаңаға ауыстырылған. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қаладағы жылу қазандықтарын аралап, олардың қысқа әзірлігін бақылады.
Бірінші нысан – КСК шағын ауданында орналасқан №2 қазандық. Жөндеу жұмыстары соңғы рет кеңестік уақытта жүргізілген нысан 2,2 шақырым жылу жүйесін қамтиды. Биыл оған 433,5 млн.теңге жұмсалып отыр. Алдағы жылыту маусымына дайындық барысында жылыту құрылғылары мен үлкенді-кішілі бірнеше құбырларға күрделі жөндеу жұмыстары істелінеді. Өңір басшысы үйлердің жайы мен жұмыстың жүйелілігі, ең бастысы құбырларды қалпына келтіру жұмыстарының сапасына көңіл аудару қажет екендігін баса айтты. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовке Арқалық қаласындағы жылу қазандықтарын бақылау тапсырылды. Барлық қазандықтар 1 қазанға дейін сақадай сай болу керектігі ескертілді.
Қостанай-2 ауданындағы және №3 жылу қазандықтары да жөнделетін болады. Құбырлар жоғары қысыммен сынақтан өткізіледі. Соның нәтижесінде олқы тұстары анықталып, олардың кем-кетігі қалыпқа келтіріледі.
– Қамдана білсек, қандай қысты да қауіпсіз өткізуге мүмкіндік бар. Биыл өткен қыстың сынағынан қорытынды шығара отырып, алдағы маусымға мүмкіндігінше мұқият әзірленейік. Барлығы сақадай сай болсын. Су құбырлары мен сарқынды суды ағызатын жерасты құбырлар жүйесінің жағдайына да аса мән беріңіздер. Бөлінген қаражатты толығымен ақтау керек. Барлығы қағазда ғана қатып тұрмасын, – деді Архимед Бегежанұлы.
Жылу-энергетикалық компаниясы басшысының орынбасары Асқар Бекпағанбетов қазіргі қаржылық жағдай туралы баяндады.
– Жұмыс жоспар бойынша жүргізіліп келеді. Дегенмен, қомақты қаржының жетіспеуі себепті жағдайымыздың қиындауы әбден мүмкін. Амал жоқ, қарызға алынған қаржыны қайтару үшін тарифтерді жыл сайын өзгертуге мәжбүрміз. «ҚазТрансГазАймақ» алдындағы қарызымыз – 130 781 000 теңге. Енді оны төлемесек, олар газды ағытып тастайтынын жеткізді. Біздің мекеме «Қостанай Су» мен «Қазақстан Халық Банкіне» де қарыз. Сондықтан, тұрғындарға жылу энергиясына уақытылы төлеуі керектігін ескертеміз, – деді «ҚЖЭК» директорының міндетін атқарушы Асқар Бекпағанбетов.
«ҚЖЭК» басындағы қаржылық мәселе үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап туындады. Себебі, газ бағасы бірден 13%-ға өсіп кеткен. Ал бұл пайыздық көрсеткіш жылу мекемесіне қиындық әкелсе де, тұрғындардың «қалтасын» қаға қоймайды. Өйткені, бір түбіртекке 6 теңге ғана қосылады.
– Есептеуіш құрылғылары орнатылмаған үй иелері әр шаршы метрге 192 теңгеден төлейтін болады, -деді аты аталған мекеме директорының орынбасары Валерий Солодов. – Ресми деректер бойынша, тұрғындар былтырғы жылы әр есептеуіш құрылғы үшін 100 теңгеден төлеген. Бұл соншалықты көп қаражат емес. Қаперге алыңыздар. Қарызы 1 млн.теңгеден асып кеткен тұрғындар да бар.
Дебиторлық берешектің уақтылы өндіріп алынуы кәсіпорынның қаржы жағдайын жақсартудың аса маңызды құралдарының бірі.
«ҚЖЭК» пен «Қостанай Су» мекемелері сот орындаушылары мен жергілікті полиция қызметінің көмегіне жүгініп, рейдке шықты. Қазірге дейін 444 пәтердің есігі қағылды. Берешегі бар борышкерлердің мүліктері тәркіленді. Қарызын төлемеген тұрғындарға қатаң жаза қолданылатын болады. Мойнында қарызы бар азаматтар шекара сызығын аттап баса алмайды. Бұл ҚР "Сот орындаушылардың атқарушылық өндірісі және беделі туралы" заңының 33 бабында көрсетілген. Соған сай, талап етілген мерзімде борышкер қарызын ешқандай негізсіз өтемеген жағдайда, сот орындаушысы талап етуші тараптың арызына сүйене отырып, оны мемлекет аумағынан уақытша шықпауға тыйым салу жөнінде шешім шығаруға құқылы.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов коммуналдық мекемелерге қарызы көп тұрғындардың есімін баспасөзге жариялауды ұсынды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ.