Арқалықта автодром ашылды
Арқалықта практикалық емтихан тапсыруға арналған автодром іске қосылды. Бұл – Қостанай облысында көлік жүргізушілерін сынақтан өткізетін екінші алаң.
Енді облыстың оңтүстік аудандарының, сондай-ақ Ақмола облысының шекаралас аумағының тұрғындары көлік жүргізу үшін теориялық және практикалық емтиханды Арқалық қаласына келіп тапсыра алады. Мамандандырылған автодром ақпан айының басында іске қосылды.
"Арқалықта бұған дейін де теориялық емтихан қабылдауға арналған арнайы сыныптар бар-тын. Ал практикалық сынақтан өту алаңы тек Қостанайда ғана еді. Адамдар сол үшін 800 шақырым жерге сабылуға мәжбүр болып жүрді. Облыстың оңтүстік бөлігінің тұрғындары автодром салуды бірнеше рет сұраған. Нәтижесінде, міне, бұдан былай практикалық емтиханды Арқалықта қабылдайтын болдық. Автодром толығымен автоматтандырылған, практикалық емтихан адами фактордың араласуынсыз өткізіледі. Бүгінде мұнда алты санат бойынша емтихан тапсыруға болады: В, В1, С, С1, D, D1. Біздің автодромда GPS-навигаторлар арқылы емтихан барысын бақылау технологиясы іске қосылғанын да атап өткім келеді. Қостанай облысында мұндай құрылғылар алғаш рет пайдаланылып отыр. Жақын арада Қостанай қаласындағы автодромға да жаңа жабдықтар орнатылады деп жоспарлануда", – деді Арқалық қаласы Халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Мұса Сүлекеев.
Автодром іске қосылған сәттен бастап, он шақты адам практикалық емтихан тапсырған. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ Қостанай облысындағы филиалының мамандары атап өткендей, автодром құрылысы облыстық бюджеттен қаржыландырылды.