Қағазбастылықтан құтылудың қамы

Қостанай облысының тұрғындары Халыққа қызмет көрсету орталықтарына былтырмен салыстырғанда екі есе көп жүгінген. Мұның бір себебі карантин режимі болса, екіншісі – электронды цифрлы қолтаңбаның қолжетімділігі. 2020 жылы ЭЦҚ арқылы бірнеше миллион қызмет көрсетілген. Электронды қызметтердің нақты көрсеткіштері туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде сөз етілді.
Облыс әкімдігі ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиевтің айтуынша, өткен 9 айда облыстың жергілікті атқарушы органдары 5 млн-ға жуық қызмет көрсеткен.
WhatsApp Image 2020-10-12 at 12.17.41
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында барлық реформалардың, соның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы реформалардың базалық элементі ретінде цифрландыруға назар аударды. Президент мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде биометрия тетіктерін енгізу, азаматтармен қарым-қатынас кезінде қағазсыз құжат айналымын және ретсіз анықтамаларды алып тастау, цифрландыру жүйесін арттыру жөнінде бірқатар міндеттер қойды. Облыста мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру, оларды автоматтандыру, халықты «Электронды үкімет» порталының мүмкіндіктерімен таныстыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Елде төтенше жағдайдың енгізілуі және одан кейінгі карантиндік шаралар электрондық қызметтерге сұраныстың жоғарылауына ықпал етті. Электронды 4 млн 700 мың қызмет көрсетілді. Мемлекеттік органда 480 мың (9%) қызмет, Мемлекеттік корпорация арқылы 51 мыңнан (1%) астам қызмет ұсынылды, – дейді басқарма басшысы.
Иә, қағазбастылықтың зардабы туралы аз айтылған жоқ. Тұрғындар ХҚО-лардағы ұзын-сонар кезекке шағым айтып, бір жұмысын бітіру үшін қырғын қағаз толтыратынын жиі сөз етеді. Қолынан қаламын тастамайтын мектептегі мұғалімнің жағдайы белгілі. Дөп келгенде көп мекеменің көңілі құлазып, көпке ақтарар мұңы осы бір қағазбастылық турасында тоқайласады. Тіпі бұл мәселемен күрес мемлекеттік деңгейге көтеріліп, түрлі жұмыстар да атқарылды.
Цифрлы саланың мамандарына сөзіне сенсек, қағазбастылықпен күрес кешенді түрде іске асады. Бағдарлама барлық саланы қамтиды. Соның ішінде жер қатынастары және сәулет саласы бар.
– Автоматтандырылған қызметтердің санын арттыру үшін құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы облыстық геоақпараттық портал құрды. Қазіргі уақытта геопортал пилоттық режимде жұмыс істеп тұр, тек желтоқсан айында оны жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрымен интеграциялау жоспарлануда. Кейін ол толық пайдалануға беріледі, – деді Азамат Кашиев.
Айта кетейік, төтенше жағдай режимі енгізіліп, ХҚКО-лардың жұмысы тоқтаған уақытта әр өңірде Мемлекеттік қызметтер көрсетудің үйлестіру Штабтары құрылды. Бұл штаб әлі де жұмыс істеп тұр. Оның құрамында аудандық және қалалық ХҚКО бөлімдерінің өкілдері, қызмет көрсетуші органдардың басшылары, «Атамекен» ҰКП және басқа да мүдделі органдардың өкілдері бар.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓