Түстіктен – теріскейге  

Елімізде төрт жылға жалғасқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Оған ел қазынасынан 20 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама аяқталғанымен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында көш әрі қарай жүзеге асырылады. Мақсат – халқы тығыз орналасқан күнгей өңірлерден Қазақстанның солтүстік аймақтарына еңбекке қабілетті азаматтарды тарту. Жоба аясында оңтүстік облыстан біздің өңірге көшіп келушілер бар. Биыл екі отбасы Науырзым ауданының Қожа ауылына қоныс аударыпты. Кезекті іссапар кезінде сол жанұяларға барып, ағайындармен кездесіп қайттық.
 
Көш бастау оңай емес
 
Түркістан облысының тумасы Дана Төкенованың Тобыл өңіріне алғашқы рет келуі. Ауылдың мектеп директоры хабарласқан бетте танымайтын орта, білмейтін мекенге келуге ойланбастан келісімін беріпті. Үш баласы бар Дана бүгінде Науырзым жалпы білім беретін мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп жүр.  
– «Теріскейге бағыт» деген  бағдарламамен Түркістан облысы, Сайрам ауданынан көшіп келдім. Менің шешім қабылдауымның себебі – тарих пәнінен маған өз өңірімде жұмыс табылмады. Бізде жұмыс табу оңай емес. Оқу бітіргеннен кейін азаматтану мамандығы бойынша жұмыс істедім. Кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шықтым. Осыдан бір жыл бұрын балалар үйінде жұмыс істеп жүрген жерімнен осы мектептің директоры тарих пәнінен сағат болады деп хабарласты. Әке-шешеммен ақылдаса келе, 15 минуттың ішінде шешім қабылдадық. Қожалықтар жақсы қарсы алды. Ауыл тұрғындарының мейірімділігі, қарапайымдылығы, адамгершілігі ұнады. Жайлы жерге келгенімізге қуаныштымыз, – дейді Дана Полатбекқызы.
Ол бастапқыда бөтен ортаға үйрену оңай болмағанын айтады. 
– 2008 жылы оқу бітіргеннен кейін мектепте жұмыс істеген жоқпын. Оның сыртында жаңа орта. Қанша жылдан бері үйде отырғандықтан, қарайып қалыппын. Қазір білім саласында жаңашылдық көп. Барлығын басынан бастап меңгердім. Әріптестерім білмегенімді үйретіп жатыр,– дейді ол.
Қазір Дананың баспанасы бар. Ауыл тұрғындары үйлеріне жөндеу жүргізіп, балаларын мектепке орналастыруға жәрдемдескен.  
– Басында СолтүстікҚазақстанға барамын дегенде, ата-анам қарсы болды. Қостанайда бұрын кіші сіңілім оқыған болатын. Сол кезде әкем бірге еріп келген еді. Сонда әкем қостанайлықтардың адамгершілігіне тәнті болып келген. Бұл жолы ойланбастан, ақ батасын берді, – дейді ұстаз.
 
Көбі неге қайта көшеді?
Қожа ауылына көшіп келген екі отбасының біреуі екі айға жетпей қайта көшіп кетті. Себеп те жоқ емес. Жолдасына ауа райы жақпаған. Бірақ, қазір түстіктен тағы бір отбасы қоныс аударыпты. Кейін ол отбасы туралы да жазатын боламыз. Қазір екі отбасыға мемлекеттен берілетін тиісті көмек қарастырылып жатыр. Квотаға құжаттар тапсырып, жәрдем алатын болады. Бір мәселе – осы бағдарламаға бөлінген тиісті қаражат Науырзым ауданы бойынша игерілмегендіктен, қайтарылып алынған екен. Енді олардың күтуіне тура келеді.
Ауылдықтар, мектеп ұжымы келген екі отбасыға жан-жақты көмек қолын созуда.  Жылы өңірден келген отбасылардың биыл бірінші жыл қыстауы. Әзірге сіңісіп, жерсініп кетуі үшін жергілікті азаматтар отын-көмірді тегін түсіріп бермекші.
Көшіп келген ағайындардың көбі жерсініп кетпейді. Оған өзіндік себеп те жоқ емес. Келгендердің дені Арқаның аязына шыдай алмаса, біреулер жергілікті жерге үйренісе алмайды.
 
Әлеуметтанушылар не дейді?
Көш те халқымыздың мінезіне тікелей байланысты. Әлеуметтанушылардың пікірінше, солтүстікке көшкендердің арасында 5-10 жылда қайтатындар қайтып кетеді, қалатындар қалады.
– Бір жерден екінші жерге көшу үшін көптеген факторлар талап етіледі. Қазақ болған соң оған туысқандық керек, таныс керек, біздің халқымыздың мінезі сондай. Сол себептен, алдымен ортаға бейімделеді, сосын туысқандарын тартады. «Еңбек» бағдарламасының төрт жыл жұмыс істеуі аз да, көп те уақыт емес. Осындай бағдарлама тағы да жалғаса берсе, оң нәтиже болады. Әрине,  тек біздің елімізде ғана емес, басқа елдерде де осындай саясат жүріп отырады. Мысалы, Америкада Аляскаға көшіру үшін тұрғындарға қомақты жәрдемақы береді, салықты да жеңілдетеді. Соның өзінде халық Аляскаға көп бара бермейді. Өйткені, климаты адам төзгісіз салқын.
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Айтолқын АЙҚАДАМОВА\

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓