Даланы өрт шарпыды
Тілсіз жау 4 тамыз күні Әулиекөл ауданының Федосеев ауылына жақын жерде тұтанған. Өрши түскен өрт туралы Науырзым қорығының қызметшісі алғашқы болып тиісті мекемелерге хабарлаған. Ол өрттің Тірсек қарағайлы орманына қауіп төндіріп тұрғаны туралы дабыл қақты.
Оқиға орнына шұғыл түрде Науырзым, Әулиекөл аудандары өрт сөндіру бөлімдері және Қостанайдың №1, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жұмылдырылды. 23 арнайы техника және 90 адам жайылма жалынмен күресті. Өрт аумағы 38 гектар болған. Тамыздың 5-і күні сағат 04.30-да алау толығымен ауыздықталды.