Құс етін сумен толтыруға тыйым салынды
Дүкендерден сатып алатын құс етінің сырты дүмпиіп тұрғанмен, үйге әкеліп ертікен кезде босаған қапшық құсап бір уыс бола қалатыны бар. Интернетте, әлемжеліде небір қу жаны бар құс еттерін шприцпен су құйып «семіртіп» жатқан бейне роликтерді жиі көреміз.
Қостанайға іссапармен келген ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің (КТРМ) төрағасы Қуаныш Елікбаев елімізде құс етін сумен толтыруға тыйым салынғанын мәлімдеді. Сөзінше, құс етін жібіткеннен кейін бөлінетін ылғалдың нормасы 4%-дан аспауы керек.
«Құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдеріне қатысты жаңа бірыңғай техникалық регламент қолданысқа енгізілді. Мұнда құс етін сумен толтыруға тыйым салу тікелей қарастырылады. Жібіткеннен кейін өнімнен бөлінетін ылғалдың нормасы 4%-дан көп болмауы қажет», – деді Қ.Елікбаев.
Комитет төрағасының сөзінше, құс етіне тағамдық қоспаларды, ішінде фосфаттарды, консерванттарды және дәмді күшейткіштерді енгізуге де тыйым салынған.
Егер осыған қатысты өрескелдік анықтап жатсаңыздар, тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне шағымдана аласыз.
Қ.ҚИЫСХАН,
Суреттерді түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ.