Мүсінде – «Тобыл ойшылы»
Қостанайда алып антропоморфтық мүсінді өмірге әкелуге екі жыл жұмсалған. Авторлары – Е.Кислицин мен В.Галбен текті шеберлер. Салмағы 3 тонналық, биіктігі 3 метрлік скульптураға «Тобыл ойшылы» деп ат қойылған. 1976 жылы Тобыл топырағынан табылған шағын ғана мүсінге қаратылып жасалды. Бетоннан қашалып, мыс пен қола жалатылған скульптура арқасы мен қол-аяғына Тамғалы үңгірінен табылған петроглифтер таңбаланыпты. Арқайымның символы саналған жәдігердің үлкейтілген көшірмесі енді мұражайдан тысқа шығып, шаһарға шырай енгізеді. Бастысы, жұмыс қалалық әкімдік өкілдеріне ұнап отыр. Таныстырылым Қала күнінде өтпек. Таяу келешекте «Шағала» жағалауына қойылатын болады.