Басшы қызметінен босатылды
Қостанай облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті басшысының міндетін атқарушы Қ.Ерденов қызметінен босатылды. Бұл туралы бүгін облыстық прокуратурада өткен брифингте мәлім болды.
Облыстық прокуратураның 1-ші басқарма прокуроры А.Сыздықовтың айтуынша, 2015 жылдың 8 қаңтарындағы ҚР ұлттық экономика министрлігі хатшысының бұйрығымен Қостанай облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті басшысының міндетін атқарушы Қ.Б.Ерденов сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін лауазымынан босатылды. Ал осы іске қатысты Қостанай қаласы әкімінің орынбасары В.Полешконың амбулаториялық емдеуде жүргеніне байланысты тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі кейінге қалды.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай қаласындағы КСК шағын ауданындағы жаңадан бой көтерген Қайырбеков көшесіндегі 371/1 үйдің тұрғындары 8 ай бойы көгілдір отынсыз отырған еді. Бұл туралы газетімізде көтерілді.
– «2013 жылдың 20 желтоқсанында Қ.Ерденов мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы бола отырып, Қостанай қаласы Қайырбеков көшесі, 371/1 мекенжайында салынған тұрғын үйді қолданысқа беруге, яғни мемлекеттік қабылдау туралы актіге қол қойған. Сөйтіп газ қосылмай-ақ іс жүзінде дайын болмаған объектіні қолданысқа берген. Шенеуніктердің салғырттығы нәтижесінде 126 пәтердің тұрғындары 8 ай бойы көгілдір отынсыз келді. Облыстық прокуратураға өткен жылдың қараша айында пәтер иелерінің атынан ұжымдық арыз келіп түсті. Прокуратура өкілдерінің араласуынан кейін газ берілді, – дейді А.Сыздықов.
Шұға Қоңқабай