«Қайтер едік өмірге келмегенде?..»

Қоғамда қос жанарынан айырылып, қара түнекке қамалса да, жігері жасымаған жандар жетерлік. Олардың кейбірі өз кәсібін ашып, жұрт қатарлы өмір сүрсе, басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мекемелерде нәпақа тауып жүр.
Баян Қыстаубаев – Меңдіқара ауданының тумасы. Қазір Рудныйдағы «Қазақ соқырлар қоғамының» оқу-өндірістік кәсіпорнында тігінші болып жұмыс істейді. Айтуынша, өмір бойы соқыр боп өтем деген ой үш ұйықтаса да, түсіне кірмеген.сокыр
– 1993 жылы орманшы болып жүргенде екі көзден айырылдым. Сап-сау адамның аяқ астынан зағип болуы қиын екен. Тас қараңғылыққа үйрену, оған көндігу оңай соқпады. Көп уақыт үйден шықпай, қатты қиналдым. Кейін достарымның кеңесімен отбасымен Рудныйға келіп, осында жұмысқа тұрдым, – дейді ол.
Баян норма бойынша күніне 120 қолғап тігуі тиіс. Тапсырыс көп болған кездері бір жарым, екі норманы да орындауға дайын. Бірақ қазіргі дағдарыстың салқыны мүгедектерді де айналып өтпеді. Кәсіпорын басшысы Мақсұт Фазылов өткен жылы «ССКӨБ» АҚ үшін айына 30 мың дана қолғап тігілсе, биыл біреуіне де тапсырыс берілмегендігін айтады.
– Есесіне Жітіқараның коммуналды кәсіпорындарына келісім-шарт негізінде 6000 дана қолғап, Қазақ аграрлы университетіне 1600 жинақ көрпе-төсекті әзірлеп жатырмыз. Қажетті материалдарды Өзбекстан мен Ресейден сатып алатындықтан, бұл өнімнің өзіндік құнына да әсер етпей қоймайды. Бір жағынан, мемлекеттік сатып алулар конкурсына Кедендік Одақ елдерінің қатысуы, табысымызды азайтты, – дейді ол.
Нарықтың қатал қыспағына қарамастан соқырлар қоғамының мекемесі 46 адамды жұмыспен қамтып отыр. Биыл әкімдіктің әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамту бөлімі ұйымдастырған конкурста, «Инватакси» қызметін ұтып алып, жағдайларын түзеткен.
– Әрине жалақы көлемі өткен жылғыдан азайды. Осыған да шүкір. Үкіметтің беретін жәрдемақысын қосқанда күн көруімізге жетеді. Кәсіпорын жұмысын тоқтатпай, болашақта тапсырыс саны арта берсе екен. Ал тағдырыма еш налымаймын. Мұқағали жырлағандай:
…Өлі балық жолығар өлмегенге,
Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде,
Өмір деген осындай, жаным менің,
Қайтер едік өмірге келмегенде?..», – деп Баян ағай өз сөзін түйіндеді.
Бүгінде кейіпкеріміз тағдыр қосқан жары Розамен бір қызынан немере сүйіп отыр. Ендігі арманы – жалғыз ұлын ұяға қондырып, бала-шағаның қызығына тоймай өту.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓