ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Рудныйда алдағы жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. 1 маусымда басталған мерзімі жеткен желілерді ауыстыру жұмысы әлі де жалғасуда. Жоспарға сәйкес, ол қазан айында аяқталуы тиіс.кубырлар
Коммуналды салаға қатысы бар бүкіл құрылым басшылары әкімдікте жиналып, осы мәселені жан-жақты пысықтады. «Рудный жылу желісі» ЖШС берген мәліметке сенсек, биыл қалада ұзындығы 7 шақырым 715 метр құбырды ауыстыру жоспарланған. Бүгінде оның 4 шақырымы төселініпті. Сондай-ақ 1-қыркүйекке дейін Қашар кентінде тозығы жеткен 731 құбыр ауыстырылатын болды.
Жиында жөндеу жұмыстарынан бөлек, жылу есептегіш құралдар орнату мәселесі де қаралды. Қазір қаладағы 780 көпқабатты үйдің 70-інде ғана осындай құрылғылар жұмыс істеп тұр. Сондықтан әкімнің осы салаға жауапты орынбасары Алмат Өмірбаев халық арасында түсіндіру жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып, тұрғындардың тілін тапқанда ғана нәтижеге қол жеткізуге болатынын ескертті. Кеңесте пәтер иелерін тұтынушылар кооперативтерінің (ПИТК) жұмысы да назардан тыс қалмады.
– 1-10 тамыз аралығында «ССКӨБ» АҚ Жылу орталығы жоспарлы жөндеу жұмыстарына көшеді. Он күнге жуық ыстық су беру тоқтатылады. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып ПИТК өз учаскесіндегі жұмыстарды аяқтауы тиіс, – деді Алмат Тоқышұлы.
Айта кетерлігі, Рудный мен Қашардың жылу орталықтары алдағы қысқа көмірмен толық қамтамасыз етілген. Әкімдіктегілер ендігі кезекте ПИТК-тер өз қарамағындағы үйлердің дайындығын жіті тексеріп, бар кемшіліктерді жою қажеттігін алға тартты.
 
Қуаныш Есқабыл,
Рудный қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓