Жол – күретамыр
Шыны керек, біздегі жол сапасы сын көтермейді. Кейбір ауданаралық һәм облыстық маңызы бар жолдар жүруге жарамсыз. Жолаушылап жүргенде діттеген жеріңе әбден титықтап барып жететін жандар мұны жақсы біледі. Тек, көнуге тура келеді. Әйтпесе, айналасы аз жылда бүкіл жолды қайта салып шығу мүмкін емес.Шүкір, соңғы жылдары барлық автокөлік жолдарын қайта қалпына келтіру немесе тақыр жерге тасжол төсеу елдің басты мүддесіне айналды. Мұны Елбасы да жиі айтып жүр. Өткен жылғы халыққа арнаған «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Президент былай деген еді: «Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады…Ал ең бастысы – осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады».Бір ғана мысал, Әулиекөл ауданының орталығы мен «Диев» агрофирмасын жалғап жатқан ұзындығы 50 шақырымдық жол бірталайдан бері халықтың басты мұңына айналған еді. Әр аттаған сайын шұрқ тесілген тас жол екі арадағы қатынасты қиындатып жіберді. Негізі, бұл жол облыстық маңызға ие. 2013 жылы «Әулиекөл-Диев-Қосағал-Ақжол» бағытындағы күрежолдың 25 шақырымын қалпына келтіру үшін бюджеттен 2 млрд. 60,9 млн.теңге қаржы бөлініп, 19 шақырымы тақтайдай етіп тегістелді. Былтыр қосымша бөлінген 641,6 млн.теңгеге тағы алты шақырым жол жөнделді. Қазір бұл аралықта көліктер әрлі-берлі жүйткіп жүр. Қалған жиырма бес шақырымдық жолдың тағдыры қаржының бөлінуіне байланысты. Жобалық-сметалық құжаттар әзір.
-Егер келесі жылы тиісті ақша бөлінсе, онда аталған бағытты алдағы екі-үш жыл ішінде толық бітіруге болады, – дейді Әулиекөл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Дәулетжан Махмұтов.Бұдан бөлек, 2013-2015 жылдары «Әулиекөл-Москалевка-Мақсұт-Смаиловка» бағытындағы отыз шақырымдық жолға орта деңгейлі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Оған 264,8 млн.теңге қаржы жұмсалған.
Жалпы, ауданда кейінгі кезде жол жөндеу жұмыстарының қарқынды жүріп жатырғанына көзіміз жетті. Мәселен, өңірлерді дамыту бағдарламасының шеңберінде 2014 жылдан бері «Құсмұрын кентіндегі автокөлік жолдарын қалпына келтіру» жобасына 485,4 млн.теңге бөлінген-ді. Бұл қаржыға 2014-2016 жылдары Кавкетаев көшесінің бойындағы су құбыры, кәріз жүйесі, теміржол өткелі қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ, 1,4 шақырымдық асфальт жол төселіп, тротуар жаңартылды. Жұмысты толық аяқтау үшін келесі жылы тағы 176,4 млн.теңге қаржы қажет.-Оның да жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бюджетке өтініш беріп қойдық. Биыл түскен жоқ, енді келесі жылы бере ме деп күтіп отырмыз. Сосын «Лаврентьев-1 май» бағытындағы көтерме жолдың он шақырымына тас жол төсеу үшін бір млрд.теңгеге жуық қаржы қажет. Барлық құжаттары әзірленген. Бірақ, оның мерзімі алдағы желтоқсан айында бітеді. Оған дейін ақша бөлінбесе, жобалық-сметалық құжаттары «күйіп» кетеді. Бұл туралы аудан әкімі де мәселе көтерген. Мүмкін сәті түсер, – дейді Дәулетжан Махмұтов.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында биылдан бастап ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге ақша бөліне бастады. Мұны әулиекөлдіктер зор қуанышпен қабылдап отыр.
-Бұрын-соңды мұндай болған емес. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы қарсаңында бұл ауыл тұрғындары үшін зор жетістік! Биыл бұл мақсатқа 50 млн.теңге бөлініп, аудан орталығын қосқанда Аманқарағай, Құсмұрын, Тимофеев, Москалев, Новонежин тәрізді жеті ауылдың жолын жөндеп бердік,-дейді аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы.
Осылайша аз уақыттың ішінде аудандағы бірқатар елдімекеннің қатынасы жақсарды. Бұл бір жағы халықты тұрақты жұмыспен қамтуға таптыртпас мүмкіндік. Мәселен, Әулиекөл ауданы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылы 50 адам еңбекпен қамтылған.
«Беркенов» жеке кәсіпкерлігі аудандағы құрылыс, жол жөндеу жұмыстарына жыл сайын қатысып жүр. Бұлар ең бастысы сапаға назар аударады. Сондықтан, ауданішілік жұмыстардың бел ортасында кәсіпкер Исатай Беркеновтың бригадасы табылуы заңды.-Біз бұған дейін де жол жөндеу, асфальт төсеу жұмыстарында істеп, машықтанып алдық. Аса қиын шаруа емес. Мұның алдында ауылішілік жолдардың ойылған тұстарын бүтіндесек, енді әбден жарамсыз болып қалған тас жолды тегістеп жатырмыз. Менің бригадамда барлығы 12 адам еңбек етеді. Көбіне, ауыл жастарын жұмысқа тартамын,-дейді кәсіпкер.
Біздің қазақ: «Жолаушының жұмысы жүрсе бітеді» дейді. Бұл сөз рас. Бірақ, ойдым-ойдым жерлермен жеткенше сол жолаушының да «шаруасы» түгесілері даусыз. Бұл ретте Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы ауылдағы ағайынға көмекке келері даусыз. Әулиекөлдегі оңды істер осы сөзіміздің жарқын көрінісі.
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Суреттерді түсірген автор.