Қостанай көркейе түспек

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов және қала әкімі Марат Жүндібаев бастаған аймақтың атқамінерлері Қостанай көшелерін автобуспен аралап шықты. Облыс әкімі жергілікті журналистермен бетпе бет сұхбаттасып, жол жөндеу және көшелерді жарықтандыруға қатысты жоспарларды талқылады.

Облыс әкімдігі ғимаратының  алдынан басталған маршрут үлкен көпірді айналып өтіп, Тәуелсіздік, Абай, Пушкин, Сьянов, Фролов, Майлин сияқты ірі көшелерді жүріп өтті.  Ерекше форматта ұйымдастырылған іс-шарада қаладағы жарықтандыру, жол жөндеу, аялдамалардың жай-күйі, қоғамдық көліктердің жүру тәртібі туралы сөз болды.Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевтың айтуынша, 2022 жылы қаладағы ішкі жолдарды жөндеуге 2,9 млрд теңге бөлінген. Соның 1,9 млрд теңгесіне орташа жөндеу, 1 млрд теңгесіне аула ішіндегі аумақтар жөнделді. Барлығы 45 көше, 72 аула ішіндегі аумақ қамтылды.

– Былтыр біз жол жөндеу жұмыстарын жоспар бойынша жүзеге асырдық. Биыл 5 млрд теңгеге жуық қаражатқа 65 көшені жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде аулаларда бар. Орташа жөндеу жұмыстарына 3,9 млрд теңге бағытталғақ. Соның ішінде Абай даңғылы мен Фролов көшелерінде ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Осы мақсатта респбликалық бюджеттен бөлінетін  трансферттерді күтіп отырмыз. Жол жөндеуге бөлінген қаржыландыру көлемі былтырға қарағанда екі есеге артты. К.Дөненбаева көшесі арқылы "Әуежай" шағын ауданы мен "Береке" шағын ауданын байланыстыру шаралары да қолға алынады, – деді қала әкімі М.Жүндібаев.Қала көшелерін жарықтандыру жүйесі де жаңғырмақ.  Бүгінде қала бойынша 15 мың 88 жарық шам бар. Соның 30,5 %-і ескі ДНаТ (250 Вт) лампалары. Бұдан былай ескірген лампалардың орнын жаңа, заманауи үлгідегі жарық диодты шамдар алмастырады. Осы мақсатта биыл көшелерді жарықтандыру бағытына 2 млрд теңге бөлінуде.

– Біз жарықтандыруға жұмсалатын қаржыны 14 есеге арттырамыз. қазіргі күні Абай даңғылында 100 Вт-тық шамдар тұр. Оның орнына 200 Вт-тың шамдар орнатылады. Нәтижесінде ескірген ДНаТ лампаларының орнын заманауи үлгідегі "ақылды" шамдар басады. Көшедегі жарық шамдарының 98 %-і заманауи үлгіге сай жаңарады. "Ақылды" шамдар ұзақ уақытқа қызмет етеді. Шығыны аз, электр қуатын үнемдейді. Тағы бір артықшылығы, жаңа жарық-диотты шамдар өздігінен өшіп, өздігінен қосылады. Аталған жаңашылдық бюджет қаржысын айтарлықтай үнемдеуге мүмкідік береді,- деді қала әкімі. Биылғы жоспарға сәйкес, қаладағы 28 көше толықтай жарықтандырылады. Жаңа үлгідегі "ақылды" шамдар күн санап көркейіп келе жатқан Қостанай көшелерін жарқырата түсері анық.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қаланың дамуы үшін бөлінген қаражатты мақұлдайтынын және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға баса мән беру қажеттігін айтты.

– Жарықтандыру бұл – ең алдымен қаланың тұрғындары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізіп, көпшілікке жайлылық сыйлауы тиіс. Жарықтандыру сияқты жол жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаражат көлемі де айтарлықтай өсті. Облыс бойынша биыл барлық жолдарды жөндеуге 54 млрд теңге бөлінді. Оған республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар барлық жолдар жатады. Аталған қаражат былтырғымен салыстырғанда отыз пайызға артқан. Биылғы облыс бюджеті 584 млрд теңгені құрайды, бұл көрсеткіш былтырғыдан отыз пайызға артық. Ал қала бюджеті 60 %-ға өсті. Қала аумағында жүзеге асатын барлық жобалар мен атқарылатын іс-шаралар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қосымша жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына, салық түсімдерінің артуына мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қымбат ДОСЖАНОВА.

Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓