Үш адамды балталады
Өткен аптаның сенбісінде Сарыкөл ауданына қарасты Соналы ауылында жан түршігерлік оқиға болды. Аудан аймағындағы жол жөндеп жатқан жұмысшылар жол жиегінен ер адамның мүрдесін тапқан. Жұмысшылардың айтуынша, марқұмның басын қан жуып кеткен. Түр-әлпеті беймәлім. Олар дереу полиция шақырады. Шытырманның шетін шығару үшін маңайды аралаған тәртіп сақшылары тағы да екі мәйітті тауып алған. Зерттеу жұмыстарындағы алғашқы ақпараттар бойынша, бәріне ажал құштырған бір қылмыскер боулы мүмкін. Өйткені, үш мүрдедегі дене жарақаттары бір-біріне ұқсас. Әр денеде балта іздері бар.Осы қылмысқа күдікті азамат сол күні-ақ қолға түсті. Тәртіп сақшылары жолы бойы өткен барлық көлікті тоқтатып, тексерген. Қан-жоса болған автокөліктегі екі ер адам сол жерде құрықталады. Тагил ауылдық округінің әкімі Сағынбай Сүндетәлиннің айтуынша, қанды оқиғаға дейін бір-екі күн бұрын ауылға бейтаныс 6 ер адам келген екен. Олар Қостанай және Рудный қаласының тұрғындары. Темір жол бекетінің жұмысына кедергі келтірген ағаштарды алып тастау үшін шақыртылған. Бұдан бөлек абаттандыру жұмыстарын да істемек үшін. Кейін осында бір үйді жалдап, уақытша аялдапты. Ол үйдің қожайыны бұл уақытта ауылда жоқ болған.
Жұмадан сенбіге қараған түні олар ішімдік ішіп, таң ата бүкіл ауылды бастарына көтеріп шулайды. Учаскелік полицей келіп, оларды сабасына түсіріп, жағдайды өз бақылауына алған. Алайда, арада екі сағат өткеннен кейін олар баяғы шуға қайта басады. Біреуі жұмысқа кіріспек болып құрал-саймандарды сайламаққа аттанады. Қалған үшеуі қалың ұйқыға кеткен. Ояу болған екеуі ұйқыда жатқандарды бірінен соң бірін балталай бастайды. Артынша мәйіттерді көлікке тиеп, ауыл сыртына апарып тастайды.
Қазіргі таңда тергеу амалдар жүргізіліп жатыр.