ЕЛТАҢБА ЖАҢА СТАНДАРТҚА САЙ БОЛУЫ ТИІС
Елтаңбаның бұрынғы нұсқасы 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін қолданылады. Сондықтан мекеме-ұйымдар жұмсалатын қаражат көлемін жоспарлауы қажет. Жаңа стандарт бойынша Елтаңбаның түсі өзгертілген. Бұл туралы «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» Қостанай филиалының жетекші маманы Нұрсұлтан Бөкенбаев айтып берді.
– Атап айтқанда тұлпардың айдары, көзі, кеңсірігі Елтаңбаның қырында орналасқандықтан дұрыс көрініс бермеген еді. Жаңа Елтаңбада әр элементтің пропорционалды түрде орналасуы қарастырылды. 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін ҚР СТ 989 – 2008 бойынша дайындалған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру қажет. Бірнеше мемлекеттік мекемелер 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа стандартқа көшіп жатыр. Рәмізді ауыстыру жөнінде мемлекеттік қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді Нұрсұлтан Бөкенбаев.
Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 2014 жылдың мамырында ҚР СТ 989 – 2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» ұлттық стандартын бекітті. Жаңа стандартқа сәйкес, Елтаңба бедеріндегі әрбір бөлшектің атауы мен өлшемі нақтыланды. Біртекті бақылау тәртібі енгізілді. Тағы бір ерекшелігі – 3D нұсқасы. Бұл барлық өлшемдерін дәл шығарып береді. Одан басқа, Л-63 үлгідегі жез түсі рәмізді жарық, жылтыратып тұрады. Түс өлшемі – Lab 77*4*31.
Елтаңба сол стандарттарға сай болу керек. Жалпы түстерді тексеру жұмыстары бұрынғыдай халықаралық Pantone атласымен емес, спектрофотометр құралымен тексерілетін болды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ