Бірлікке үндейтін жоба
«Asar joly» қайырымдылық акциясы Қостанайда жалғасты. Бастамашылар осымен бесінші қалаға табан тіреп отыр.
Акцияны ұйымдастырушы «Asar ume» қорының мүшелерін қостанайлықтар ыстық ықыласпен қарсы алды. Олар облыс орталығында төрт күн болып, меценат кәсіпкерлермен, еріктілермен кездесулер өткізді. Қонақтардың Тобыл топырағына сапарының қорытындысы «Мирас» мәдениет үйіндегі форум болды. Салтанатты жиынға жергілікті атқарушы органдар да атсалысты. Қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев бастама мемлекет басшысының Халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
«Негізінен аз қамтылған көп балалы отбасыларды, қиын жағдайда қалған немесе жұмыс істей алмайтын деген кісілерді баспанамен қамтамасыз етуге жәрдем береміз. Одан басқа, мүмкіндігі жоқ ата-аналардың баласын оқытуға да, кейбір азаматтардың кәсібін ашуға да көмектесеміз. Негізгі мақсатымыз – халықты қорға мүше болуға шақыру емес, қайырымдылыққа, мейірімділікке үндеу», – дейді «Asar ume» қорының президенті Асхат Нұрмашев.
Қор құрылғалы үш жыл. Осынша уақытта жүз теңгеден, мың теңгеден жинап, қор еріктілері 455 отбасыға үй алып берді. Оларда 2 мың 600 бала тәрбиеленіп отырғанын айта кеткен жөн.
Қостанайда өткен форумда «асарлықтар» екі отбасына тосынсый жасады. Арқалық қаласының тұрғыны, алты баланың анасы Айжан Сәрсенбаеваға пәтер сыйлап қуантса, жеті перзентін жалғыз бағып-қағып жүрген Ләззат Хасеноваға үй маңында шаруашылықпен айналысу үшін қора салып беретін болды. Айта кетейік, «Asar ume» қоры көп балалы Хасеновтер отбасына былтыр ғана үй алып берген еді. Жалғызбасты ананың арманы құс асырап, мал өсіру еді. Жанашырлар Ләззаттың қалауына қол жеткізуге мүмкіндік жасап беріп отыр. Олар форумда сөз сөйлеп, бастарынан өткерген қиын кездерді еске алды.
«Диспетчер болып жұмыс істеймін. Мен үйде жоқ кезде, түн ортасында жалдап тұратын пәтеріміз өртеніп кетті. Астыңғы қабаттағы дүкенге де зақым келді. Соның барлық шығынын мен өтеп беруім керек еді. Балаларымның аман қалғанына шүкір дедім. Қайырымды жандар табылып, солардың себеп болуымен жаңа баспанаға алып жатырмын. Бәріңізге мың рақмет», – деді Айжан көз жасына ерік беріп.
Қор президенті акция Қазақстанның өзге қалаларында жалғасатынын мәлімдеді. Сондай-ақ форум аясында басына түскен қиындықты жеңіп шыққан спикерлер сөз сөйлеп, жұртшылықты ізгі амал жасауға шақырды.
«Бұл – баршаны бірлікке үндейтін іс-шара. Біз ешкімнің ұлтына, дініне бөлмейміз. Шын мұқтаж адамға көмек береміз», – деді Асхат Нұрмашев.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.