Ақпанның тоғызында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIII қысқы Олимпиада ойындары басталған еді. Дүбірлі додада Қазақстан құрама командасы спорттың тоғыз түрі бойынша бақ сынап жатыр. Отандық спортшыларды қолдау мақсатында Қостанайдағы Спорт сарайында жаппай конькимен сырғанау акциясы өтті.

Қысқы Олимпиадаға Қостанай облысынан үш спортшы жолдама алған болатын. Олар: конькимен сырғанаушы Денис Кузин, шорт-трекші Анастасия Крестова және шаңғышы Виталий Пухкало. Өкінішке қарай, шаңғы жарысынан бақ сынаған қостанайлық Виталий Пухкало мәре сызығына 1:19:46,7 уақытта жетіп, 34-орыннан көрінді. Шорт-тректен 500 метрлік жарыста сайысқа түскен Анастасия Крестованың да жолы болмады. Ендігі үмітіміз конькимен сырғанаушы Денис Кузинде. Әзірге, ел қоржынында бір медаль бар. 11 ақпанда әйелдер арасындағы фристайлдан сынға түскен отандасымыз Юлия Галышева қола медальға ие болған еді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ