ТҮЙІН ТҮЙГЕН ХАС ШЕБЕР
Қазақ ұлттық өнерінің жүздеген ғасырлық тарихы бар, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста дамып келе жатқан өнер түрінің бірі – қолөнер. Қостанайда тұратын ағаш шебері Таңат Бажақовтың ұстанған бағыты көңіл сүйсінтеді. Ол тек қана ұлттық бұйымдар жасаумен айналысады.
«Тақыр жерге шөп шықпайды» деген. Таңат ағамыздың қолөнерге деген шеберлігі әкесі Баяхмет Бажақұлынан дарыса керек. Он саусағынан өнер тамған әкесі өмір бойы ұста болып істепті. Қолы қалт еткенде ағаш кесіп, тіліп, жонып, күйдіріп, небір бұйымдар жасаған. Сондайда бала Таңат әкесінің оны-мұнысын әперіп, әрдайым қасынан табылатын. Қолғабыс ете жүре, оның әрнені қиюластыра істегеніне көз қанықтырды.
Олар Сарыкөлден облыс орталығына 1999 жылы көшіп келген. Содан бастап қымызға арналған ожау, тегене, саптыаяқ, зерен, күбі, табақ, астаулар (ет салатын ағаш ыдыс) шебердің қолынан туып келеді. Сонымен бірге бидай, тары түйетін келі мен олардың қажетті бөлшектері келсап,піспек сияқты бұйымдарды өз жерімізде өсетін ағаш түрлерінен жасайды.
– Ағашты қолға алғанда басыма не түрлі тың ойлар келеді. Мәселен, ағаш шынжырлы ожау, асүй сүлгісін ілетін ілгіш, гүл салатын құмыра – тың ойдың жемісі. Қолсандық – ұзатылатын қыздарға арнап жасалатын, киім-кешек, әртүрлі заттар салынатын бұйым. Ол бұрындары қыз жасауының құрамына кіретін-ді. Қазір осы қолсандық сұранысқа ие,–дейді ұста.
Таңат Баяхметұлы киіз үй жабдықтарын, әшекей оюлармен қазақы төсек, сандық, ыдыс-аяқтар да жасайды. Жұртшылық келі мен майшелекке, оюлы сандық пен ағаш төсекке таңдай қағысатын көрінеді.
Ұста ағаштардың қалдығын шикізат ретінде пайдаланады. Ақ қайың, қарағаш, боз тал, көктерек және үйеңкіні құрғақ кезінде кесіп алып, кәдеге жаратады. Соңынан тамақ ішуде қолданылатын табақ, тостаған, саптыаяқ сияқты ыдыстар токсинсіз лакпен боялады. Табиғи өнімнен жасалған соң, әрине, ыстыққа да, суыққа да төзімді. Дастарханға қойылатын бас табақ екі түрлі өлшемде жасалыпты. Оюмен қашалған соның бірі қойдың басын салуға лайықталған.
Жалпы, Таңат Бажақов сияқты ағаш шеберлерінің қолынан шыққан қайталанбас заттарға қарап, мұндай өнімдердің әрдайым тұтынушысын табарына бек сендік.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ