Жағажайы бар, жағдайы жоқ

Суға шомылу маусымы аяқталуға жақын. Алайда Рудныйда жағажай мәселесі әлі шешімін табар емес. Бүгінде Тобыл өзенінің жағалауында «Шомылуға тыйым салынады!» деген белгілерді қадам сайын кездестіруге болады. Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары ілген ескерту тақтайшаларына қарамастан тұрғындар өткен жылдан бері жасырын суға түсіп келеді. Себебі арнайы жабдықталған жерлер қаладан тыс орналасқан турбазаларда ғана бар.су
Бұл мәселе әкімдікте де бірнеше рет көтерілген болатын. Әкім орынбасары Мақсұт Досболов қаржының жоқтығына байланысты жағажайларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі арқылы жөнге келтіруге болатынын жасырмады. Бірақ әзірге мұны табыс көзі деп санайтын кәсіпкерлердің қарасы көрінбейді.
Бүгінде орталық саябақ пен жағалаудың арасы екі метрлік темір қорғанмен қоршалған. Бұл демалуға келген тұрғындардың наразылығын тудырып жатқаны сөзсіз. Саябақ директоры Серікбай Брышев өзен суының жағалаудағы жағдайы нашарлап кеткендіктен осындай қадамға барғандығын айтады.
– Жеке сектордан келетін жуындылар өзенді ластап, адамның денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бір жағынан, суға батып кету оқиғалары облысымыз бойынша жиілеп бара жатыр. Сондықтан тұрғындар құтқарушысы жоқ қауіпті аймақтарда суға шомылудан бас тартуы керек, – дейді ол.пляж
Осылайша, Рудный жағажайы бар да, жағдайы жоқ саусақпен санарлық қалалардың қатарына кіріп отыр. Бұл мәселе тез арада шешімін таппаса, орны толмас қайғылы оқиғалардың статистикасы, өкінішке қарай, арта бермек.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓