Әскери кафедрада оқып, офицер атанады
Облыс орталығындағы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде үстіміздегі жаңа оқу жылында әскери кафедра ашылады. Міне, осы әскери кафедраның ашылуы туралы журналистермен өткен баспасөз мәслихатында әскери кафедраның бастығы Болат Токин, ҚМУ ректорының кеңесшісі М.Дәуенов жан-жақты айтып берді.Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жоғары оқу орындары үшін әскери кадрларды даярлау жөнінде айтқан тапсырмасын орындау мақсатында еліміздің Қорғаныс министрлігінің келісімімен Атырау, Алматы және Қостанай өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында әскери кафедраны құру туралы шешім мақұлданып, қабылданды. Ректордың кеңесшісі М. Дәуеновтің айтуынша, әскери кафедраның ашылуының басты негізі- патриоттық тәрбиені, өз еліне, Отанына, туған жеріне, отбасына деген сүйіспеншілікті нығайту.Ал, әскери кафедраның бастығы полковник Болат Токиннің айтуынша, кафедра бес әскери мамандық атап айтқанда, мотоатқыштар бөлімшелерінде, бөлім мен құрамада әскери қолдану, Құрлықтағы әскерде идеологиялық және тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, Құрлықтағы әскерде байланыс қызметін ұйымдастыру, азық-түлікпен қамтамасыз ету, психологиялық жұмысты ұйымдастыру бойынша запастағы әскери офицерлерді даярлайды.
Кафедраны бекітілген ережеге сай бітірушілер офицер атанып, лейтенант атағына ие болады және де өздерінің мамандықтары бойынша ЖОО-ны да бітіріп, дипломдарын алады. Үстіміздегі жылы кафедраға 230 студент қабылданады, олардың 80-і грантпен оқыса, 120 жігіт және 30 қыз ақылы негізде оқиды. Бір жылғы оқудың құны – 134 мың теңге.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Гүлназым САҒИТОВА