Сан соғуына селқостығы себеп
Заңнан тыс тасымалмен айналысқан рудныйлық азамат салықшылардың ескертуін елемей, ақыры автокөлігінен айырылды.
Рудный қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жыл басынан бері жеке көлігімен заңсыз таксиші, жүк тасушы болып жүрген 13 жеке тұлғаны әшкерелеген. Олар өздерінің коммерциялық әрекеттерін тіркеусіз жүзеге асырып келген. Барлығы әкімшілік жазаға тартылып, 15 АЕК көлеміндегі, яғни 31 815 теңгеден айыппұл салынды.
Мұнан соң да кәсібін заңдастыруға желкесі жар бермегендер бар. Басқарма мәліметінше, көктем кезінде Ленин көшесіндегі "Авто-Лига" дүкені маңында Ибраев есімді азамат салықшыларға екінші рет ұшырасқан. «Volkswagen VW35i» маркалы көлігімен таксишілеп жүрген беті. Ақырында Рудный қаласының мамандандырылған әкімшілік соты оған астыртын кәсібі үшін алғашқы ескертуден сабақ алмаған азаматты 30 АЕК, яғни 63 630 теңге айыппұлға отырғызды. Оның үстіне темір тұлпары тартып алынып, мемлекеттік кіріс қамбасына жіберілді. Қаулы заңды күшіне енді.