ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ ТОПТАМА
Елі үшін елеулі еңбек еткен ерен ерлердің есімдері есте мәңгі сақталады. Қостанай өңірі де өзінің Еңбек Ерлеріне деген құрметін көрсетіп келеді. Адамның рухани байлығы кітап десек, былтыр қажырлы қызмет істеген даңқты тұлғаларымызға арналған кітап эстафетасы жалауын көтерген. «Еңбек Даңқы Кітабына» 1936-2015 жылдар аралығындағы: Социалистік Еңбек Ерлері, «Еңбек Даңқы» ордені иегерлері, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, ғылым, өнеркәсіп, ауыл шаруашылық салалары бойынша атағы шыққан кісілер туралы ақпарат енгізілді. Міне, эстафета мәреге жетіп, енді ұйымдастырушылар бұл шараның негізгі түйіні – кітапты мұражайға табыс етеді.
«Мирас» мәдениет сарайында өткен салтанатты жиын еңбекккерлердің игі істері жөнінде баян еткен бейнефильммен ашылды. Содан соң Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов сөз сөйледі.
– Облыстың әр аймағында аялдаған «Еңбек Даңқы Кітабы» облыс орталығына да келді. Құнды құжатты шығарудағы негізгі мақсат – жастарымыздың санасына патриоттық рухты сіңіру, нағыз еңбек адамының бейнесін көрсету. Биыл кеңінен аталып өткен Жеңістің 70 жылдығына байланысты «Әскери Даңқ кітабының» эстафетасы да дәл осындай сипатта ұйымдастырылды, – деді шаһар басшысы.
Облыстың 80-жылдық мерейтойы қарсаңында Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің, облыстық ішкі саясат басқармасы мен мұрағаттар және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен «Еңбек Даңқы Кітабы» облыстың әр қала мен ауданын аралап, еңбекте шыңдалып, өз жерінде жетістікке жеткен тұлғалар бейнесін қайта жаңғыртты.
Жиын барысында Қостанай қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Беген Көпеш:
– Адамды өрге шығаратын негізгі тетік – еңбек. Мен отыз жылға тарта уақыт ұстаз болдым. Еңбек озаты атанған жандардың аты аталған кітапқа енуі – жылдардың жемісі. Барлық құрастырушыларға алғысым шексіз, – деді.
Қостанай облысы әкімдігінің мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова сөйлеген сөзінде мұрағатта жатқан осынау тарих тәбәрігі жас ұрпақ үшін құнды саналатынын жеткізді.
– Қазір – жастардың заманы. Барлығы да солар үшін. Елбасымыздың өзі ардагерлерге деген құрметтің құнды екенін айтып отырады. Кітапқа кірген Қостанайға еңбегі сіңгендердің көпшілігі ,өкінішке қарай, өмірден өтіп кетті. Бірақ, жас ұрпақ еңбеккерлердің ерліктерін есте сақтап, мақтанышпен айтып отыруы керек, – деді басқарма басшысы.
Арыстан Құрманов, Қадыр және Майра Қаржауовтар, Әнуар Оспанов секілді өнерпаздар жиылғандарға әннен шашу шашты. «Костанайские зори», «Жібек жолы» би топтары да көңілді бір серпілтіп тастады.
Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Юрий Харьяков «Еңбек Даңқы Кітабын» Қазақстанның Еңбек Ерлері Сайран Бұқанов пен Борис Князевке тапсырды.
Суреттерде: «Еңбек Даңқы Кітабы» эстафетасына арналған салтанатты кештен көріністер
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков