Апат себептері анықталуда
27 шілде күні Қостанай облысындағы «Қайрақ» кедендік бекеті маңында ірі жол апаты болды. Салдарынан 30 адам жарақаттанып, 6 адам оқиға орнында жан тапсырған. Қаза тапқандардың арасында 12 жасар бала да бар. Жол-көлік оқиғасына қатысты облыстық ІІД-нің жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция майоры Құрмет Мәжікеновтің тілшілерге түсінік берді.
Құрмет Кенжеханұлының айтуынша, жан түршігерлік оқиға сағат 17:40 шамасында болған. Алматы-Екатеринбург тас жолының 2103-ші шақырымында Ресей Федерациясына бет алған «Ивеко» жүк көлігінің алдыңғы сол жақ дөңгелегі істен шыққан. Рөлге ие бола алмаған жүргізуші қарсы бағытқа өтіп кетіп, жолаушылар тасымалдайтын «Челябі-Жітіқара» рейстік автобусына барып соғылады. Автобус жүргізушісі де, жүк көлігінің тізгіндеушісі де 30 жылдық тәжірбиесі бар білікті мамандар. Зерттеулер нәтижесі бойынша екеуі де ешқандай алкогольдік ішімдік пайдаланбаған. Зардап шеккендердің барлығын Қарабалық аудандық ауруханасына жеткізіп, тиісіті шараларды көрсеткен. Қаза тапқандардың екеуі РФ азаматы, үшеуі ҚР азаматы және тағы бір марқұмның жеке мәліметтері әлі нақтыланғани жоқ.





Кенже ҚОНЫСБАЙ