Сақтықта қорлық жоқ
Облыстың ішкі істер департаменті күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Н.Сейітжановтың айтуынша, 2014 жылдың қорытындысы бойынша күзет қызметі қызметкерлерінің қатысуымен 36 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, ішкі істер органдарына 14 құқық бұзушы жеткізілген.
Соңғы үш жылда облыс аумағында күзет кәсіпорындарының саны 24 пайызға, күзетілетін нысандардың саны 54 пайызға артқан. Орталықтандырылған күзет тетігіне қоса отырып дабыл жүйесін орнату қызметін пайдаланушылар саны да артып келеді.
Қазіргі уақытта жеке күзет компаниялары сан алуан қызмет түрлерін көрсетеді: маңызды мемлекеттік және жеке нысандарды күзетеді, азаматтарды қорғайды, алаяқтар және ұрылармен күреседі, жүктерді тасымалдағанда еріп жүреді, нысандардың техникалық жарақтануын қамтамасыз етеді, нысандардағы тәртіпті сақтайды. Пәтерлер мен үйлерге дабыл беру жүйесін орнату құны 80 мың теңге шамасында, ал ай сайынғы төлемақы 4 мың теңгедей. «Бұл баға жоғары болып көрінуі мүмкін. Дегенмен ол өзін ақтайды, өйткені сіз өз мүлкіңіз үшін алаңсыз боласыз», – дейді Н.Сейітжанов.
Телефон алаяғы ұсталды
1 ақпан күні телефон алаяғы бір зейнеткерге телефон шалып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған. Жалған полиция қызметкері жол-көлік апатын жасағаны үшін қамауға алынған ұлын босату үшін 40 мың теңге беруді талап етті.
Қостанайлық зейнеткер болған оқиға туралы полицияға жедел хабар беріп, алаяқты ұстауға көмектесті. Зейнеткер алаяққа телефон шалып, қайда кездесетіні туралы келісті. Телефон алаяғы оның сөзіне сеніп, кездесуге келгенде полиция қызметкерлерінің қолына түсті. 50 жастағы күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
ОІІД баспасөз қызметінің материалдары бойынша әзірлеген
М.ҚАБДРАХМЕТОВА.