Апаттан алты адам қаза тапты
Қостанай облысында «Қайрақ» кедендік бекеті маңында ірі жол-көлік апаты тіркелді. Апаттың салдарынан 25 адам жараланып, 6 адам көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында балалар да бар.Құқық қорғау органының хабарлауынша, жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысқан. Автобус Қостанайдан Ресейге бағыт алған екен.
Бұл – соңғы жылдары Қостанай облысы аумағында болған ең ірі жол апаты. Оқиға орнында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов, полиция қызметі жетекшілері және басқа да күш-құрылымдарның басшылары жүр. Зардап шеккендерге көмек көрсетілуде.
Осы жол апатына байланысты жедел телефон желісі іске қосылды.
«Қостанай облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті ірі жол апатына байланысты жедел телефон желісін іске қосты. Телефон нөмері 8 (7142) 50-36-24. Сондай-ақ, жараланған адамдарға психологиялық көмек көрсетіп, қосымша ақпарат беру үшін 122 нөмірі жұмыс істейді. Психологтар жұмыс істеуде», – деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетттің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.