Оқулық тапшылығы болмайды
Жаңа оқу жылы да қыр астында тұр. Оқушы баласының қамын алдын ала ойлаған ата-ана арнайы «Мектеп базары» жәрмеңкесі басталмастан-ақ киім-кешегін, оқу-құралдарын сатып алып, оқулықтарын түгендеу үстінде. Кітап дүкендерінен де әр сынып оқушысына арналған қажетті оқулықтарды сатып алуыңызға болады.-Бүгінде мектептеріміздің кітапхана қорын, оқушыларымызды оқулықтарымен толық қамтамсыз ету жағы қатаң бақылауда. Жалпы, жергілікті атқару органдарынан оқулықтар үшін бес жүз төрт мың теңге бөлініп отыр. Облыстағы аудандық, қалалық жеті білім бөлімі он жеті оқулық шығаратын баспалармен келісімшартқа отырды. Оқулықтарды тасымалдап жеткізіп беретін көлік мәселесі де оңтайлы шешілмек. Биылғы оқу жылында 1, 8 сыныптарға арналған барлық оқулықтар мен 4 сыныптың ағылшын тілі пәні, 9 сыныпқа арналған дінтану оқулықтары тегін берілмек. Өздеріңіз білесіздер, үстіміздегі жаңа оқу жылында 1 сынып оқушылары 12 жылдық оқыту бағдарламасымен оқиды. 2016 жылғы 15 тамызға дейін 1 сынып оқушылары үшін оқу жылының жартыжылдығында оқитын жаңа мазмұндағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері, ал, 15 қарашаға дейін екінші жартыжылдықта оқитын оқулықтар жеткізіледі. Қазіргі кезде оқулықтармен 5-6 пайызға қамтамасыз етіліп отыр, сондықтан да мектептеріміз оқулықтармен дер кезінде қамтылатын болады. Сонымен бірге қазір мектепте оқитын бала саны да есепке алыну үстінде, бұрнағы жылдардағыдай жетіспейтін я артық оқулықтар болса, мектеп кітапханалары сол артық я жетпейтін оқулықтармен айырбас жасау тәжірибесін да жүзеге асыратын болады,-деді облыстық білім басқармасының бас маманы Айзада Аушаменова.
Гүлназым САҒИТОВА